Шымкент қаласында үшем дүниеге келді
Шымкент қаласы №2 ауруханасының перзентханасында үшем дүниеге келді, деп хабарлады Elordainfo.kz қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
31 жастағы Гүлбағира Өтемісқызы жүктілігінің 31-аптасында дәрігерлердің көмегімен үшемді аман-есен өмірге әкелді. Мерзімінен бұрын туғандықтан, алғашқы үш тәулік бойы сәбилер жаңа туған нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Тыныс алу қолдауын алып, өмір үшін күрескен сәбилер кейін жаңа туған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылып, ем-дом мен күтімді жалғастырды.
Дәрігерлердің мәліметінше, биылғы 6 қаңтарда дүниеге келген үшемнің қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Дамуы тұрақталған сәбилер салмақ қосып, 2300 грамға дейін жетті.
«Қазіргі таңда нәрестелер мен ананың жағдайы тұрақты. Уақтылы көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде үшемдер өмірге сәтті бейімделіп, қалыпты дамуда.
Үшемдерді үйінде 4 бауыры күтіп отыр. Анасы декреттік демалыста болса, әкесі құрылыс саласында еңбек етеді», - деді ведомстводан.
Бұдан бұрын Қостанай облысында үшем дүниеге келгенін жаздық.