Сұхбатта Мемлекет басшысы азаматтарды алаңдататын мәселелерге жауап берді – Максим Споткай
Жаңа жылдың басында Мемлекет басшысы дәстүрлі түрде кеңейтілген сұхбат берді. Басылымның таңдалуы кездейсоқ емес. Turkistan газеті материалдарының тереңдігі мен баяндау тәсілінің өзгешелігі арқылы ойлы оқырман аудиториясы арасында лайықты беделге ие. Бұл туралы Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі Максим Споткай айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Кең көлемді сұхбат жариялау тәжірибесі орнықты саяси дәстүрге айналып, жүргізіліп жатқан реформалардың аралық қорытындыларын шығару мен алдағы кезеңге арналған күн тәртібінің негізгі бағыттарын айқындауға бағытталған қоғаммен тікелей диалогтың маңызды тетігі болып отыр. Мемлекет басшысы өткен жылдың бірқатар маңызды нәтижелерін атап өтті. Атап айтқанда, ел экономикасы 6 пайыздан астам өсіп, жалпы ішкі өнім өңір үшін рекордтық көрсеткіш болып саналатын 300 миллиард АҚШ долларынан асты, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың АҚШ долларынан жоғары болды. Сонымен қатар, Президент жылдың басты нәтижесі ретінде реформалардың қайтымсыз сипатын және мемлекетті одан әрі ауқымды жаңғырту қажеттігін қоғамның терең түсіне бастағанын атап өтті», - деді спикер.
Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады.
«Сұхбат барысында ол жаһандық технологиялық бәсеке жағдайында Қазақстанның әлемдік үрдістерден артта қалуға құқығы жоқ екенін ерекше атап өтті. Алдағы үш жыл ішінде елді толыққанды цифрлық мемлекет ретінде қалыптастыру жөнінде стратегиялық міндет қойылды. Жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық мемлекеттік қызметтер мен IT-экожүйелерді ілгерілету ұлттық бәсекеге қабілеттілік мәселесі ретінде қарастырылып отыр. Осы мақсатта берік заңнамалық база қалыптастырылды, атап айтқанда Президент «Жасанды интеллект туралы» Заңға қол қойды, Парламент Цифрлық кодексті қабылдады. Сонымен қатар, цифрлық технологияларды өмірдің барлық саласына жедел енгізу үшін толыққанды институционалдық негіз құрылды», - деді Парламент Сенаты аппаратының жетекшісі.
Сондай-ақ Максим Споткай сұхбат барысында Мемлекет басшысы азаматтарды алаңдататын әрі қоғамда кеңінен талқыланып жүрген мәселелерге де жауап бергенін айтты.
«Әңгіме салық реформасы, тарифтік саясат, заңсыз иемденілген активтерді қайтару, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әлеуметтік әділеттілік және бизнестің жауапкершілігі туралы болды. Президент ішкі саясаттың негізгі мәселелері бойынша өз ұстанымын айқындап, ел дамуының жаңа кезеңінде заңдылық пен тәртіптің басымдылығын атап өтті. Сондай-ақ халықаралық күн тәртібіне қатысты бірқатар тақырыптар қозғалды. Саяси реформалар мәселесіне де назар аударылды, олардың басты мақсаты мемлекеттік билік институттарын дәйекті түрде нығайту және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру болып табылады. Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі алдағы референдум тағдырлы мәнге ие болып, елдің даму бағытын ұзақ жылдарға айқындайтын болады. Жалпы алғанда, бұл сұхбат Қазақстандағы қазіргі кезеңдегі реформалардың логикасын және ұлттық жаңғырту күн тәртібінің перспективаларын түсіну тұрғысынан айрықша маңызға ие», - деп сөзін түйіндеді Максим Споткай.
Айта кетейік, бүгін Turkistan газетінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кең көлемді сұхбаты жарияланды.