Референдум-2026

Суға түсу мен өрт қауіпсіздігі: ТЖМ халыққа үндеу жолдады

Суға түсу мен өрт қауіпсіздігі: ТЖМ халыққа үндеу жолдады
Фото: ТЖМ

Жаз мезгілінде судағы жазатайым оқиғалар мен табиғи өрттердің алдын алу үшін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, шомылу маусымында қайғылы оқиғалардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған және арнайы жабдықталмаған су айдындарында тіркеледі. Осыған байланысты ТЖМ су жағасында демалған кезде мынадай қауіпсіздік талаптарын сақтауды ұсынады:

– балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмау және олардың ересектердің бақылауынсыз шомылуына жол бермеу;

– шомылуға тыйым салынған, жабдықталмаған жерлерде, сондай-ақ «Шомылуға тыйым салынады», «Сүңгуге тыйым салынады», «Қауіпті! Иірім» белгілері қойылған орындарда суға түспеу;

– алкогольдік ішімдік ішкен күйде суға түспеу;

– шомылу аумағын белгілейтін қалқымалардан асып жүзбеу;

– шағын көлемді кемелер мен басқа да жүзу құралдарына жақындамау;

– тексерілмеген жерлерде суға сүңгімеу;

– жүзуге арналмаған заттарды пайдаланбау;

– қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастардан, тастардан және бұл мақсатқа арналмаған басқа да құрылыстардан суға секірмеу.

Министрлік бұл қарапайым ережелерді сақтау адамның өмірі мен денсаулығын қорғауға көмектесетінін атап өтті.

Сонымен қатар ТЖМ өрт қаупі жоғары кезеңде орман және дала алқаптарында ерекше сақ болуға шақырды.

Өрттің алдын алу үшін:

– орманда және ашық аумақта от жақпау;

– жанып тұрған сіріңке мен толық сөндірілмеген темекі тұқылын тастамау;

– табиғатта шыны ыдыстарды қалдырмау, себебі олар күн сәулесін шоғырландырып, құрғақ шөптің тұтануына себеп болуы мүмкін.

Төтенше жағдайға куә болған жағдайда азаматтардан 101 немесе 112 нөмірлеріне дереу хабарласу сұралады. 

Бұған дейін ТЖМ балалардың судағы қауіпсіздігіне қатысты рейдтерді күшейткенін жаздық