Су саласының білікті мамандары қалай даярланады
Елімізде су қауіпсіздігіне жауапты кадрлар қалай даярланады? Су саласы мамандары университет қабырғасында қандай білім алады? Тәжірибеде нені меңгереді? Міне, осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында Elordainfo.kz тілшісі Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне барып, оқытушы, доцент Шерім Төлегеновпен әңгімелесіп қайтты.

Шерім Әжібекұлының айтуынша, мұнда студенттер теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларды ұштастырып, заманауи зертханалар мен мамандандырылған мекемелерде практикадан өтеді.

«Гидролог – ең қызықты әрі сұранысқа ие мамандықтардың бірі. Өздеріңізге мәлім, олар су ресурстарын, атап айтқанда, өзен ағындары, көлдер, жер асты сулары, мұздықтар және олардың қозғалысы, су құрамын және оның сапасын зерттейді. Сондай-ақ, бұл сала мамандары суды ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді және су тасқындарына болжам жасайды», - деді доцент.

ЕҰУ-де гидролог мамандарын даярлау 2 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі.
«Гидрология бойынша бакалавриат білім беру бағдарламасы су ресурстарын зерттеу, бағалау, басқару саласында мамандарды даярлайды. Бағдарлама аясында құрлық гидрологиясы, көлдер мен өзендер гидрологиясы, гидрохимия, гидробиология үдерістерін модельдеу және мониторинг пәндері оқытылады. «Гидрология» білім беру бағдарламасы бойынша жаратылыстану ғылымдарының бакалавры дәрежесі беріледі. Түлектер инженер-гидролог, гидролог-болжамшы, инженер-зерттеуші, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі инженер, кіші ғылыми қызметкер, гидрология саласындағы зерттеуші-тағылымдамашы қызметтерін атқара алады. Осы мамандық бойынша магистратураның білім беру бағдарламасы су ресурстарын басқару, жер асты сулары, өзендер мен көлдерді зерттеу саласында зерттеушілер мен мамандарды даярлайды. Білім беру бағдарламасы су ресурстарын тереңдетіп оқытуды, гидрогеологияны, су дипломатиясын және гидрологиялық құбылыстарды модельдеуді қамтиды», - деді Шерім Әжібекұлы.
Елордадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде осы салаға арналған кадрларды даярлау бір жолға қойылған. 4 жыл бойы студенттер гидрологиялық есептеулер, су-теңдестік зерттеулер, қысқа және ұзақмерзімді гидрологиялық болжамдар, гидроэкология, гидрологиялық процестерді модельдеу секілді пәндерді оқиды.

Бастысы оқу үдерісі теориялық біліммен қатар зертханалық сабақтар, далалық тәжірибе мен өндірістік практикамен ұштастырылған. Нәтижесінде елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қабілетті, нарық талаптарына сай кадр ретінде болашақ мамандар қалыптасады.
Өндірістік тәжірибелер Су ресурстары мен ирригация министрлігінің бағынысты ұйымдарында ұйымдастырылады. Атап айтқанда, студенттер «Қазсушар» шаруашылығы, бассейндік инспекциялар филиалдарында, жоғары оқу орындарында, сондай-ақ, Өзбекстанның Ташкент қаласында Ұлықбек мырза атындағы Өзбекстан ұлттық университетінде, «Қазгидромет» РМК-ның бас ұйымында және оның өңірлік филиалдарында және басқа да мекемелерде тәжірибе жинайды.

ЕҰУ оқытушыларының айтуынша, бағдарламада цифрлық технологияларды оқыту да ерекше назарда. Сала мамандарына геоақпараттық жүйелерді қолдану бойынша арнайы пәндер оқытылады.
Осы білім беру бағдарламасына түсу үшін талапкерлер екі бейіндік пән - география мен математиканы жақсы деңгейде білуі қажет. Ал оқуды бітірген түлектер еліміздегі «Қазгидромет» РМК-ның өңірлік филиалдарында, су ресурстары және ирригация министрлігінде, сондай-ақ геоақпараттық технологияларды үйренген мамандар «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясын және т.б. басқа мекемелерде жұмыс істей алады.