Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесінің 80 пайызы аяқталды
Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесі (СРҰАЖ) қазіргі таңда пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. 12 модульдің 8-і іске қосылды, мемлекеттік дерекқорлармен 11 интеграция орнатылған және жоспарланған жұмыстың шамамен 80%-ы аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметінше, жүйеге 2 430 ұйым қосылған, 3 500-ден астам белсенді пайдаланушы тіркелген. Жүйе қатысушыларын басқару бір орталықтан жүзеге асырылады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында тапсырма берген болатын:
«Жасанды интеллект негізінде жерүсті және жерасты суы туралы деректерді біріктіретін су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құру қажет. Платформаны іске қосу гидрогеологиялық мониторинг мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс Ұлттық су теңгерімін қалыптастырумен қатар жүруі тиіс. Бұл – су саясатын ұзақ мерзімді жоспарлаудың ең маңызды құралдарының бірі».
СРҰАЖ су шаруашылығы инфрақұрылымы мен ресурстары бойынша біртұтас цифрлық деректер базасын қалыптастырады. Атап айтқанда, нысандарды цифрлық паспорттау, жерасты суын есепке алу, су объектілерінің жай-күйі үшін жауапкершіліктің ашық жүйесі құрылады.
Картографиялық модуль негізінде су нысандарының цифрлық деректер базасы жасалып, жүйеге 17 307 өзен, 3 148 көл және 1009 гидротехникалық құрылыс енгізілді.
СРҰАЖ-ды толық аяқтау және өнеркәсіптік пайдалануға енгізу 2026 жылдың екінші жартысына жоспарланған.
Бұған дейін Қазақстан су ресурстарын ұзақ мерзімді жоспарлауға қалай көшетінін жазған едік.