Қазақстан су ресурстарын ұзақ мерзімді жоспарлауға қалай көшеді
Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстан су ресурстарын ұзақ мерзімді жоспарлауға қалай көшетінін мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жаңа Су кодексіне сәйкес, алдағы 15 жылға арналған су ресурстары саласындағы мемлекеттік саясат екі негізгі құжатқа негізделеді:
Су ресурстарын кешенді басқарудың бас жоспары – ұлттық деңгейдегі стратегиялық құжат. Ол елдің су қауіпсіздігі мақсаттарын айқындайды, ресурстардың (трансшекаралық өзендерді қоса алғанда) жай-күйін болжайды және экономикада суды тиімді пайдалану талаптарын белгілейді.
Бассейндік жоспарлар - бұл Қазақстанның сегіз су шаруашылығы бассейнінің әрқайсысына арналған нақты «жол карталары». Олар жалпы мақсаттарды жергілікті деңгейдегі нақты шараларға айналдырады: жойылып бара жатқан су айдындарын қалпына келтіруден бастап, бөгеттер мен каналдарды жаңғыртуға дейін.
Жаңа Су кодексі суды пайдаланудың заңнамалық иерархиясын енгізеді. Жоспарларда мыналар ескерілуі керек:
Экологиялық ағын – өзендер мен көлдерді сақтау үшін табиғатта қалуы тиіс су көлемі. Бұл көрсеткіш басымдыққа ие және экономикалық қажеттіліктер үшін алынбайды.
Экономикалық тиімділік – жоспарлау барысында әр салада пайдаланылған судың әрбір текше метрінің экономикалық қайтарымы есепке алынады, бұл су үнемдеу технологияларына көшуді ынталандырады.
Халық қауіпсіздігі – жоспарлардың міндетті элементі ретінде су тасқыны мен құрғақшылық қаупі бар аумақтардың цифрлық карталары жасалады, онда нақты қорғаныс шаралары көрсетіледі.
Құжаттарды әзірлеу мерзімдері:
2026 жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірі бойынша Бассейндік жоспарлар, 2027 жылдың үшінші тоқсанына дейін бассейндік деректер негізінде Су ресурстарын кешенді басқарудың бірыңғай бас жоспары әзірленеді. Бұл құжаттар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және қалаларды дамыту жоспарларын бекітудің іргелі негізіне айналады.
Бұған дейін Астанада студенттер су ресурстарын қорғау мәселесін талқылағанын жаздық.