Референдум-2026

Нұржан Нұржігітов пен БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі бірлескен жобалардың іске асырылу барысын талқылады

Нұржан Нұржігітов пен БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі бірлескен жобалардың іске асырылу барысын талқылады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниямен кездесті. Тараптар бірлескен жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жапония Үкіметінің гранттық қаражаты есебінен Қазақстандағы бөгеттерді кешенді басқару арқылы су тасқынына қарсы іс-шараларды жетілдіруге бағытталған жоба іске асырылып жатыр. Жоба аясында бөгеттерде ерте ескерту пилоттық жүйесін енгізу, деректерді Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне біріктіру және гидротехникалық нысандардың цифрлық деректер базасын қалыптастыру көзделген.

Қазіргі кезеңде ерте ескерту жүйесінің құрылымы әзірленіп, цифрлық деректер базасы құрылды. Сондай-ақ пилоттық су қоймалары бойынша гидродинамикалық модельдер дайындалып, су басу аймақтарын сценарийлік модельдеу жүргізілді.

Сонымен қатар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан мен Жетісу облыстарындағы суармалы алқаптар мен каналдарды цифрландыру жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда осы өңірлердегі ауыл шаруашылығы алқаптары толық және суару каналдарының 50%-ы цифрландырылып, топырақ ылғалының карталары әзірленді.

Бұдан бөлек, «Су жеткізу қызметтері» модулі бар су тұтынуды ерте болжау жүйесі әзірленді. Бұл жүйе арқылы суару суын жеткізуге өтініш беруге, су лимиттерін бөлуге және электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы шарттар жасауға болады.

«Климат өзгерісіне төзімді су ресурстарын дамыту» жобасының бірінші кезеңі аясында «Қазгидрогеология» Ұлттық гидрогеологиялық қызметінің өңірлік филиалдарын заманауи техникамен, жабдықтармен және зерттеу құралдарымен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтын жаңа техникамен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы саны 66 жабдық сатып алу жоспарланған.

БҰҰ Даму бағдарламасы, министрлік және Еуразиялық даму банкі арасындағы үшжақты келісім аясында Түркістан облысында шаруаларға арналған өңірлік оқу орталығын құру жобасы іске асырылып жатыр. Оның мақсаты – су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру.

Сонымен қатар БҰҰ Даму бағдарламасы «Қазақстандағы тұрақты ирригация саласындағы кәсіпкерлік экожүйесін дамыту» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысындағы Кендірлік өзенінде су қоймасын салудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп жатыр.

«БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен Қазақстанның су шаруашылығы саласын дамытуға, оның ішінде гранттық қаражат түрінде қомақты қаржы тартылды. Бүгінде біз әзірленген жоспарлардың барлығын кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеміз. Министрлік әрбір жобаны тұрақты бақылауда ұстап отыр. Бүгінгі кездесу атқарылып жатқан жұмыстардың аралық қорытындыларын шығаруға, пікір алмасуға және әрбір бірлескен бастама бойынша алдағы жұмыстың бағытын айқындауға мүмкіндік берді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Еске сала кетсек, жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізіне тағы 1,2 млрд текше метр су жіберіледі.