Студенттер әскери кафедраға eGov.kz арқылы онлайн өтініш бере алады
1 ақпаннан бастап жоғары оқу орындарының студенттері әскери кафедраға оқуға түсу үшін өтінішті eGov.kz порталы арқылы толық онлайн форматта тапсыра алады, деп хабарлады Elordainfo.kz «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
еGov.kz порталы арқылы өтінішті күндізгі бөлімде оқитын бакалавриат студенттері бере алады.
Жаңа формат тек ыңғайлылықты арттырып қана қоймай, тексеру процестерін де автоматтандыруға мүмкіндік береді. Өтінім жіберілер алдында жүйе үміткер туралы психоневрологиялық, наркологиялық және туберкулез диспансерлерінде есепте тұрмауы, мүгедектігінің және соттылығының бар-жоғы жөніндегі мәліметтерді автоматты түрде тексереді. Жеке басын куәландыратын және білім туралы деректер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден пайдаланушының қатысуынсыз алынады. Байланыс нөмірі Мобильді азаматтар базасында тіркелген жағдайда автоматты түрде толтырылады.
Қызметті пайдалану үшін пайдаланушы eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, тиісті бөлім арқылы онлайн сұрау жолдап, деректерді толтырып, әскери кафедра мен оқу бағдарламасын таңдап, дербес деректерді пайдалануға келісім беруі және сұранысты қолжетімді тәсілдердің бірімен растауы қажет.
Өтініштің қаралу нәтижесі пайдаланушының жеке кабинетінде «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде көрсетіледі. Оң шешім қабылданған жағдайда электрондық цифрлық қолтаңбамен расталған құжат ұсынылады, ал бас тартылған кезде себептері көрсетілген хабарлама жіберіледі. Өтініш бес жұмыс күні ішінде қаралады.
Айта кетейік, әскери кафедрада оқу студенттерге негізгі біліммен қатар қосымша кәсіби даярлықтан өтуге мүмкіндік береді. Оқу курсын аяқтағаннан кейін түлектерге «запастағы лейтенант» немесе «запастағы кіші сержант» әскери атағы беріледі.
Еске салайық, 31 қаңтарда елдегі барлық әскери бөлімде ата-аналар үшін ашық есік күні өтеді.