Сот орындаушылары азаматтар пайдасына 500 млрд-тан астам қаражат өндірді - Әділет министрлігі
Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Әділет министрлігі Мәжбүрлеп орындату комитетінің төрағасы Махсат Балабеков мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Өндіріп алушылардың пайдасына өтелген сома 557,6 млрд теңгені құрады, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 88,6 млрд теңгеге артық. Мемлекет кірісіне 63,4 млрд теңге өндірілді, бұл көрсеткіш 10%-ға артты», - деді спикер.
Сонымен қатар, мемлекеттік сот орындаушыларымен мемлекет пайдасына 3,4 млрд теңге көлемінде атқарушылық санкция өндірілді, бұл көрсеткіш те 30 пайызға өсті. Цифрлық сот орындаушысы оңайлатылған іс жүргізу арқылы 10 млрд теңгеге жуық өндірілді. Оңайлатылған өндіріс шеңберінде жеке сот орындаушысының қызметіне 25 пайыздық төлем төленбейтінін ескерсек, азаматтар шамамен 2,4 млрд теңге көлемінде өз қаражаттарын үнемдеді.
Еске салайық, бұдан бұрын Әділет департаменті алименттен жалтарғандарға жауапкершілік күшейетінін мәлімдеген болатын.