«Қорқыт» этноансамблінің көркемдік жетекшісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Шолпан Қорғанбек Ұлттық домбыра күніне орай қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, ұлттық аспаптың рухани маңызына тоқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Өнер қайраткерінің айтуынша, домбыра – қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізіп келе жатқан баға жетпес құндылық.
«Домбыра – халқымыздың сан ғасырлық шежіресін жеткізген қасиетті мұра. Ол – ұлттық мәдениетіміздің өшпес құндылығы. Қазақтың музыкасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халқымызбен бірге мәңгі жасай берсін», – деді Шолпан Қорғанбек.
Сөз соңында ол барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, ұлттық өнердің мерейі үстем болып, қазақтың қасиетті қара домбырасының үні әрдайым асқақтай беруіне тілектестік білдірді.