Шаңғымен тұғырдан секіруден Илья Мизерныхтың тарихи нәтижесіне не әсер етті

Шаңғымен тұғырдан секіруден Илья Мизерныхтың тарихи нәтижесіне не әсер етті
Фото: Тұрар Қазанғапов

Жасөспірімдер арасындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы Илья Мизерных Италияда өткен Олимпиада ойындарында Қазақстан тарихындағы ең үздік нәтижені тіркеді. 7 ақпан күні ғана 19 жасқа толған спортшы шаңғымен тұғырдан секіру сайысында 8-орынға тұрақтап, ел спортын жаңа деңгейге көтерді. Осы жетістікке қатысты Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Қайрат Биекенов Elordainfo.kz сайтына сұхбат беріп, жас спортшының қарқынды өсуіне әсер еткен негізгі факторларға тоқталды.

- Илья Мизерныхтың 8-орын алуы көпшілікті таңғалдырды. Бұл нәтиже сіз үшін күтпеген жағдай болды ма?

-Таңғалдым деп айта алмаймын. Жақсы секіріс болса, ТОП-20-ға кіретінімізді жоспарладық. Ал ТОП-10-ға кіру - біз үшін Олимпиаданың жүлдесін алғанмен тең. Себебі бастапқы ондықта болу үшін секіру деңгейі өте жоғары болуы тиіс. Нәтижеге көңіліміз толады. Қазақ спортындағы үлкен жетістіктің бірі деп санаймын. Бұған дейінгі ең үздік көрсеткіш Андрей Вервейкинге (1994 жылы 24-орынға тұрақтаған) тиесілі еді.

-2025 жылғы әлем чемпионатында Илья 106 метрге секіріп, 52-орын алған еді. Ал бір жылдан кейін 140,5 метрге дейін жетті. Мұндай серпіліске не себеп болды?

-2025 жылы Илья ересектер санатына жаңадан ауысып, әлем чемпионатында алғаш рет өнер көрсетті. Содан бері оның техникасы да, физикалық дайындығы да айтарлықтай жақсарды. Ең бастысы,  психологиялық тұрғыда тұрақтылық пайда болды. Миланда өткен Олимпиадада үлкен трамплиннен 281 ұпай жинау - өте жақсы көрсеткіш. Бұл бір күнде келген нәтиже емес. Кәсіби спортшы ретінде ол әр жаттығуда бар күшін салады. Бүгінгі жетістік сол еңбектің жемісі.

-Сіздер үшін Олимпиадада қойған жоспарларыңыз артығымен орындалған болар?

-Олимпиада әлі аяқталмады. 16 ақпан күні командалық сында өнер көрсетеміз. Көрсеткішімізді одан әрі жақсартқымыз келеді. 

-Спортшылардың көрсеткішінің өсуіне Норвегиялық маманның әсері бар ма?

– Әрине. Алекс Штёкль 2011-2024 жылдары Норвегия құрамасын дайындап, екі Олимпиадада алтын медаль жеңіп алды. 8 әлем чемпионын тәрбиеледі. Мұндай деңгейдегі маман Қазақстан спортшыларының жасы жас, әлеуеті жоғары екенін көрген соң ғана тактикалық әрі күштік бағытта тегін кеңес беріп отыр. Әлемге өзін дәлелдеген бапкердің тәжірибесі Илья Мизерных пен Данил Василев сынды жас спортшыларға оң әсерін тигізуде. Егер болашақта онымен ресми келісім-шарт жасалса, 2030 жылғы Олимпиадаға жүйелі дайындалуға мүмкіндік туар еді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық Михаил Шайдоровтың Милан Олимпиадасының чемпионы атанғаны туралы жаздық.