Референдум-2026

Саяси партиялардың бағдарламалары Конституция қағидаттары мен қоғам сұранысына негізделуі керек – Риззат Тасым

Саяси партиялардың бағдарламалары Конституция қағидаттары мен қоғам сұранысына негізделуі керек – Риззат Тасым
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры, саясаттанушы Риззат Тасым «Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбындағы «Sarap» сарапшылық клубының отырысы барысында журналистерге берген сұхбатында жаңа саяси кезең, реформалардың сабақтастығы және партиялардың сайлауалды бағдарламалары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Риззат Тасым жаңа конституциялық кезеңде барлық реформа мен мемлекеттік бастамалардың түпкі мақсаты – адам капиталын дамыту болуы керектігін атап өтті.

«Кез келген өзгеріс пен шешімнің негізгі нәтижесі адам капиталының ілгерілеуіне бағытталуы тиіс. Бұл – экономиканың жаңа салаларын дамыту, білім мен инновацияға басымдық беру арқылы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру деген сөз», – деді сарапшы.

Саясаттанушы алдағы саяси үдерістерге де тоқталып, Президент жариялаған бастамалардың алдын ала дайындық кезеңдерінен өткенін айтты.

«Кез келген ауқымды науқанды алдын ала жариялау – қалыптасқан тәжірибе. Бұған дейінгі кезеңде де саяси партиялар өздерінің дайындық жұмыстарын жүргізіп, съездерін өткізіп, негізгі бағыттарын айқындап үлгерді. Ендігі кезеңде олардың сайлауалды бағдарламалары халық назарына ұсынылады», – деді Риззат Тасым.

Оның айтуынша, партиялардың бағдарламалары ең алдымен Конституция қағидаттарына және қоғамның нақты сұраныстарына сүйенуі қажет.

«Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, халықтың басым бөлігі тұрақты, прагматикалық және теңгерімді даму бағытын қолдайды. Сондықтан партиялар өз бағдарламаларын әзірлеу кезінде осы қоғамдық сұранысты ескеруі маңызды», – деді саясаттанушы.

Риззат Тасым жаңа саяси кезең Қазақстанның жаңғыру үдерісін жалғастырып, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек екенін атап өтті.