Саясат Нұрбек Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттермен кездесті

Саясат Нұрбек Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттермен кездесті
Фото: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі

University College London университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Ұлыбританияның жетекші жоғары оқу орындарында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен кездесуі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында министр халықаралық академиялық ынтымақтастықтың басымдықтарына тоқталып, білім беру үдерісін цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бойынша жүзеге асырылып жатқан негізгі бастамалар туралы баяндады.

«Kazakhstan: the Territory of Academic Knowledge» тақырыбында дәріс оқып, Қазақстандағы жоғары білім мен ғылым жүйесін дамытудың стратегиялық бағыттарын таныстырды.

Жиын барысында шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттер үшін ашылып отырған мүмкіндіктерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, академиялық ұтқырлықты кеңейту, қос дипломды бағдарламаларды дамыту, ғылыми тағылымдамалардан өту және оқуын аяқтаған жас мамандарды елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тарту мәселелері кеңінен сөз болды.

Ашық пікірталас кезінде студенттер мемлекеттік білім беру саясатына, жастарды қолдау бағдарламаларына, түлектерді жұмыспен қамтуға, сондай-ақ «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасын одан әрі дамытуға қатысты сұрақтар қойды. Министр студенттік қауымдастықпен тұрақты диалог пен кері байланыстың маңыздылығын атап өтіп, шетелде білім алып жүрген қазақстандық жастардың елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастырудағы рөлі зор екенін айтты.

«Кездесу шетелдегі қазақстандық академиялық қауымдастық пен мемлекет арасындағы өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы маңызды қадамдардың бірі болды», - делінген хабарламада.

Бұған дейін Қазақстанның ұлттық павильоны Ұлыбританиядағы Bett UK 2026 халықаралық көрмесінде таныстырылғанын жаздық.