Референдум қарсаңында оқушылар ұлттық ойын ойнады
Астана қаласы «Алматы» ауданындағы Мұстафа Шоқай атындағы мектеп-гимназиясына тиесілі №34 сайлау учаскесінде жалпыұлттық референдум қарсаңында ерекше іс-шара өтті. Мектеп оқушылары сайлау учаскесінде ұлттық ойындар ойнады. Атап айтқанда, оқушылар асық ату мен тоғызқұмалақ сияқты дәстүрлі ойындарға қатысып, өз өнерін көрсетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мектеп директоры Арай Сатиева бұл шараның маңыздылығын атап өтті:
«Бүгін Наурызнама онкүндігіне сәйкес жалпыұлттық референдум өтіп жатыр. Осыған орай сайлау учаскесінде ерекше көңіл күй қалыптастыру мақсатында ұлттық ойындар ұйымдастырдық. Бұл арқылы тек сайлау процесін қызықты ету ғана емес, сондай-ақ жастар мен оқушыларға ұлттық құндылықтарды дәріптеу, олардың тарихи және мәдени мұраға қызығушылығын арттыру басты ниетіміз болды. Сайлау барысындағы саяси кезеңде осындай әрекеттер халыққа ұлттық дәстүрлерді көрсетуге және олардың маңызын жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Арай Сатиева.

Осылайша, саяси кезең мен ұлттық дәстүрлерді ұштастырған іс-шара оқушылар мен дауыс беруге келгендерге естен кетпес әсер қалдырды.