Қостанайда компания басшысы үлестік құрылыстың 162 млн теңгесін талан-таражға салған
Қаржылық мониторинг агенттігі Қостанайда «Bolashak Construction Company KZ» ЖШС басшысына қатысты алаяқтық фактісі бойынша тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz агенттіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Күдікті 2022–2024 жылдар аралығында тиісті рұқсат құжатын алмай «Семья» тұрғын үй кешенінің үлестік құрылысына тұрғындардың қаражатын тартуды ұйымдастырған. Арада пәтер және коммерциялық нысандарды алдын ала сату шарттары жасалған. Әрекетін заңды көрсету үшін әлеуметтік желіде жарнама беріп, Қостанай қаласында кеңсе жалға алған», делінген хабарламада.
Алайда күдікті нысанды белгіленген мерзімде аяқтамай, қаражатты өз қалауы бойынша жұмсаған. Қазіргі уақытта тұрғын үй кешенінің үшінші кезегінің құрылысы аяқталмаған. Ал құрылысқа 28 жеке және 1 заңды тұлғадан жалпы сомасы 162 млн теңгеден астам қаражат тартылған.
Сот санкциясымен күдіктінің мүлкіне, оның ішінде Hyundai Santa Fe автокөлігіне, үш бөлмелі пәтеріне және жертөле коммерциялық үй-жайына тыйым салынды. Күдікті үйқамаққа алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Еске сала кетсек, Астанада даулы үш тұрғын үй кешенінің құрылысынан үлескерлерге 8,2 млрд теңге шығын келді.