Астанада даулы үш тұрғын үй кешенінің құрылысынан үлескерлерге 8,2 млрд теңге шығын келді
Астанада «Оазис», «R-Club» және «R-ClubDeluxe» тұрғын үй кешендерінің үлестік құрылысы бойынша қылмыстық істер сотқа жолданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала прокуратурасына сілтеме жасап.
Үлестік қаражатты заңсыз тартуға қатысты қылмыстық істерді тергеп-тексеру аяқталды. Одан 426-дан астам отбасы зардап шеккен, оларға 8,2 млрд теңге көлемінде шығын келген.
Тергеу барысында қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар заң талаптарын бұза отырып «Оазис», «R-Club» және «R-ClubDeluxe» тұрғын үй кешендерін салу үшін тиісті рұқсат алмай тұрғындардың ақшасын тартқаны анықталды. Жиналған қаражат көзделген мақсатқа пайдаланылмаған, ал объектілердің құрылысы тиісті түрде жүргізілмеген.
Сот санкциясымен 12 күдікті қамауға алынды. Олардың 10 пәтері, 36 жер телімі, 16 тұрғын емес үй-жайы, 49 автомашинасына тыйым салынды.
Елорда прокуратурасы азаматтарды пәтер сатып алмас бұрын үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсаттың бар-жоғын мұқият тексеруге шақырады.