Референдум-2026

Қоғамның толықтай жаңаруын айқындайтын күн - Зулфухар Ғайыпов

Бүгін, 11:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қоғамның толықтай жаңаруын айқындайтын күн - Зулфухар Ғайыпов
фото: Зұлфухар Ғайыповтың жеке мұрағатынан

Астана қаласы Қоғамдық  кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, саяси ғылымдарының докторы Зулфухар Ғайыпов бүгінгі ел тарихындағы маңызды оқиға - жаңа Конституцияның күшіне енуі туралы пікірін білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Бүгінгі күн, яғни 1 шілде — қазіргі отандық жаңа тарихтың соны парағы ашылған сәт. Қазақстан дамудың мүлдем жаңа, қарқынды кезеңіне аяқ басты. Бізді алда үлкен саяси-экономикалық өзгерістер мен ауқымды реформалар күтіп тұр. Бүгіннен бастап мемлекеттік жүйе де, азаматтық қоғам да түбегейлі жаңарып, заман талабына сай қайта құрылады.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың сөзімен айтқанда: «Осы ерекше күн еліміздің бүкіл саяси жүйесін, сондай-ақ мемлекеттің және азаматтық қоғамның негізгі институттарын түбегейлі жаңғырту кезеңі басталғанын аңғартады». Бұл — жай ғана күнтізбедегі күн емес, бүкіл қоғамның толықтай жаңаруын айқындайтын үлкен бетбұрыс.

Жаңа Конституцияның күшіне енуі — тек құқықтық өзгеріс емес, қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің басталуы. Бұл құжат азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтіп, билік пен халық арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтереді. Әсіресе ашықтық, әділдік және бұқараның қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуы елдегі тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға септігін тигізеді.

Ендігі жерде ел болып, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған сындарлы саясат төңірегінде топтасып, әрқайсысымыз Қазақстан Республикасының жарқын болашағы жолында адал еңбек етейік!» - деп пікір білдірді Зулфухар Ғайыпов. 

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай қазақстандықтарға үндеу жасағаны туралы жаздық.