Қазақстанның COP31 Ұлттық павильонына ұсыныстар қабылдау мерзімі ұзартылды
Қазақстанның COP31 Ұлттық павильонының бағдарламасына ұсыныстар қабылдау мерзімі 28 тамызға дейін ұзартылды , деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясындағы (COP31) Ұлттық павильоны 2026 жылғы 9-20 қарашада Түркияның Анталья қаласында өтетін халықаралық конференция аясында жұмыс істейді.
Ұлттық павильон климаттық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылауға, Қазақстанның бастамалары мен жобаларын таныстыруға, сарапшылар арасында пікір алмасуға және өңірлік әрі халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған алаң болады.
Осыған байланысты павильонның бағдарламасы мен мазмұнын қалыптастыруға мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері, ғылыми қауымдастық, азаматтық қоғам және халықаралық серіктестер шақырылады.
Сонымен қатар сарапшылар мен зерттеушілердің қатысуы, климаттық келіссөздер жөніндегі мамандарды тарту, тақырыптық материалдар мен экспонаттарды ұсыну бойынша өтінімдер қабылданады.
Бағдарламаға енгізілетін бастамалар арасында нөлдік қалдықтар, климатқа төзімді қалалар, «жасыл» индустрияландыру, таза энергияға көшу, жастар мен білім беру, азық-түлік қауіпсіздігі және климаттық күн тәртібінің басқа да бағыттары бар.
Ұлттық павильон аясында ұзақтығы 60-90 минут болатын панельдік пікірталастар, сарапшылар кездесулері, сондай-ақ түрлі бастамалар мен жобалардың таныстырылымдарын өткізу жоспарланып отыр.
Қатысу үшін белгіленген талаптармен танысып, тиісті өтінім нысанын толтыру қажет. Ресми сайтта іс-шара өткізуге арналған өтінім нысаны, «Бірлескен ұсыныс: сарапшылар мен экспонаттар» нысаны және ұсыныстар беру жөніндегі нұсқаулық жарияланған.
Ұсыныстар 2026 жылғы 28 тамызға дейін қабылданады.
Толық ақпарат пен өтінім беру тәртібі ресми сілтемеде көрсетілген.