Қазақстандық туристер 2025 жылы 1,13 трлн теңге қаржы жұмсады

Қазақстандық туристер 2025 жылы 1,13 трлн теңге қаржы жұмсады
Фото: pexels.com

Қазақстан Республикасында үй шаруашылықтарының сапарларға жұмсаған шығыстары бойынша 11,77 млн адамның 2025 жылы туристік сапарға шыққаны белгілі болды. Оның ішінде республика шегінде 10,26 млн адам (87,2%), ал республикадан тыс жерлерге 1, 5 млн адам (12,8%) сапарлаған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, сапарлардың басым бөлігі, яғни 11,07 млн адамның (94,1%) сапары жеке мақсаттарға тиесілі. Іскерлік және кәсіби мақсаттағы сапарлар саны 695 200 адамды (5,9%) құрап отыр.

Ең көп сұранысқа ие өңірлер қатарында Астана қаласы (10,1%), Түркістан облысы (10%), сондай-ақ Алматы қаласы (9,9%), Алматы (7,9%) және Қарағанды (7,4%) облыстары бар.

Дереккөз: Ұлттық статистика бюросы

Ел ішінде саяхаттағандардың көпшілігі туыстары мен таныстарына баруды жөн көрген – 60,8%. Қонақ үйлерде тоқтағандар үлесі – 14,2 %, жалдамалы тұрғын үйлерде тұрғандар – 11,5%, ал санаторийлерде аялдағандар – 3,6%.

Көлік түрлері бойынша ел ішінде сапарлағандар көбіне жеке автокөлікті (36,1%) және теміржол көлігін (26,4%) таңдаған. Ал шетелге шыққандардың басым бөлігі әуе көлігін (55,7%) пайдаланған.

2025 жылы туристік сапарларға жұмсалған жалпы шығын көлемі 1,13 триллион теңгені құрады. Оның ішінде ел ішіндегі сапарларға жұмсалған қаражат – 659,2 млрд теңге немесе 58,1%.

Қазақстан ішінде сапарлаған туристердің негізгі шығындары тауар сатып алуға (25,7%), көлік қызметтеріне (25,5%), тамақтануға (20,8%) және орналастыру орындарында тұруға (12,2%) бағытталған.

Бұдан бұрын шетелдік баспасөздердің Астана туризмі туралы не жазып жатқанына шолу жасаған едік.