Қазақстандық ғалымдар энтомофагтарды дронмен тарату технологиясын әзірледі
Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары энтомофагтарды ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен автоматтандырылған түрде тарату технологиясын әзірледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
BioDrop деп аталатын бұл технология жұмыс жүргізу уақытын 4–6 есеге қысқартуға және ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғаудың биологиялық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Кешен құрамына биоыдырайтын BioDrop сфералық капсулалары, оларды таратуға арналған арнайы құрылғы және ұшқышсыз ұшу аппараты кіреді.
«Капсулалардың ішіне ауыл шаруашылығы зиянкестерінің табиғи жаулары саналатын энтомофагтардың биологиялық материалы орналастырылады. Атап айтқанда, технологияда Trichogramma spp. және Habrobracon hebetor сияқты энтомофагтар пайдаланылады», - делінген хабарламада.

Ұшқышсыз ұшу аппаратына тиелген капсулалар алдын ала белгіленген бағыт бойынша егістік алқабына автоматты түрде таратылады. Капсулалар егістік бетіне түскеннен кейін олардың ішінен энтомофагтар біртіндеп босап шығып, зиянкестерді іздеп, жоя бастайды.
Капсулалардың сфералық пішіні мөлшерлеу механизмінің ерекшеліктері және олардың құрамындағы биологиялық материалдың өміршеңдігін сақтау қажеттілігі ескеріле отырып дайындалған.
Жүргізілген далалық сынақтар BioDrop технологиясының энтомофагтарды дәстүрлі қолмен тарату әдісімен салыстырғанда биологиялық тиімділігі жоғары екенін көрсетті.
Олар таратылғаннан кейінгі 14-тәулікте дәстүрлі әдіс бойынша биологиялық тиімділік орта есеппен 70–73% болса, BioDrop технологиясын қолданғанда бұл көрсеткіш 81–83%-ға жеткен.

Осылайша, жаңа технологияны қолдану дәстүрлі әдіспен салыстырғанда биологиялық тиімділікті орта есеппен 10–11 пайыздық тармаққа арттырған.
Сонымен қатар жұмыстарды жүргізуге жұмсалатын уақыт та айтарлықтай қысқарады. Қолмен тарату кезінде зерттелген учаскедегі жұмыстарға 1–1,5 сағат жұмсалса, ұшқышсыз ұшу аппаратын пайдалану кезінде жабдықты дайындауды қоса алғанда, дәл осындай жұмыс көлемі 10–15 минутта орындалған.
Бұл егістіктерді биологиялық қорғау жұмыстарын, соның ішінде үлкен аумақтарда және баруы қиын учаскелерде, әлдеқайда жылдам жүргізеді.
Еске салсақ, ел өңірлерінде қысқы мал азығының 73%-ы дайындалды.