Қазақстандық батальонның тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл: Астанада еске алу іс-шарасы өтті

Қазақстандық батальонның тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл: Астанада еске алу іс-шарасы өтті
Фото: Ұлттық ұлан

Биыл Қазақстан Республикасының жеке құрама атқыштар батальонының тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толды. Осыған орай Астана қаласындағы «Ерлік» саябағында еске алу іс-шарасы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осыдан 25 жыл бұрын қазақстандық әскери қызметшілер тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік міндетін аяқтап, елге оралды. Қазақстан Республикасының жеке құрама атқыштар батальоны 1993-2001 жылдар аралығында Пяндж өзені бойында мемлекеттік шекараны күзетті. Өкінішке қарай қызмет барысында қазіргі Ұлттық ұланның, бұрынғы Ішкі әскердің 17 жауынгері ерлікпен қаза тапқан еді. 

Іс-шараға жиналғандар Қазақстан Республикасының жеке құрама атқыштар батальоны құрамында қызмет атқару кезінде қаза тапқан сарбаздарды бір минут үнсіздікпен еске алып, тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған қазақстандық әскери қызметшілердің ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.

Еске алу іс-шарасына ардагер жауынгерлер, әскери қызметшілер мен қоғам өкілдері қатысты. Рәсім барысында тәжік-ауған шекарасында қызмет атқарған қазақстандық жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Шекара қызметі директорының орынбасары генерал-майор Төлеужан Жүнісов және Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов қазақстандық жауынгерлердің әскери борышты абыроймен орындағанын атап өтті.

«Бұл күн – батальон жауынгерлерінің ерлігі мен Отанға адалдығының, әскери борышқа беріктігінің символы. Осы ретте батальон ардагерлерін Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы атынан тарихи датамен құттықтаймын», – деді генерал-майор Қайрат Үмбетов.

Еске алу іс-шарасы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта ұйымдастырылған концерттік бағдарламамен жалғасты. Бағдарламада Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұланның, Шекара қызметінің Ән-би ансамблі солистері патриоттық бағыттағы шығармаларын орындады.

Бұған дейін жеті әскер спортшысы қысқы Олимпиадада ел намысын қорғайтынын жазған едік.