Қазақстанда борышкерлердің шоттарын бұғаттан шығару бойынша науқан басталды
Әділет министрлігі Республикалық жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп белгілі бір төлем түрлерін алуға арналған шоттардан тыйымдарды алып тастау жөніндегі науқанды іске қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
6–30 сәуір аралығында өтетін науқан кезінде бірқатар шоттан тыйымдар алынып тасталады. Олардың қатарында жалақы, алимент, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақыға арналған шоттар бар.
«Бұл үшін, азаматтар Adilet.gov мобильдік қосымшасында тіркеліп, жеке сот орындаушысына шоттардан тыйымды алып тастау туралы өтініш беруі қажет.
Тыйымдар тек растау құжаты ұсынылған жағдайда ғана алынып тасталады (жалақы түсетін шоты көрсетілген жұмыс орнынан анықтама, зейнетақы шоты екенін растайтын анықтама және т.б.)», делінген министрлік хабарламасында.
Әділет министрлігі шоттардан тыйымдарды алып тастау - азаматтарды атқарушылық құжатының талаптарын орындаудан (соманы өндіріп алу, айыппұл және т.б.) босатпайтынын мәлім етті.
Еске сала кетсек, Қызылордада шенеуніктер инвесторларға заңсыз айыппұл салғаны үшін жазаланды.