Қазақстанда су тасқынын болжау жүйесі жетілдіріліп жатыр
Өткен жылдан бері Есіл, Нұра, Жайық, Сырдария, Шу, Талас, Тобыл және Ертіс өзендері бассейндері бойынша болжам қалыптастыруды қамтамасыз ететін Talsim-NG гидрологиялық моделін бейімдеу жұмыстары жүргізіліп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта 98 гидрологиялық бекет бойынша су шығынының қысқа және ұзақ мерзімді болжамдарының нәтижелері Tasqyn ақпараттық жүйесіне беріледі. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров хабарлады.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сәйкес, 1 наурыздағы гидрологиялық болжамына сәйкес ірі су қоймаларына келіп түсетін жиынтық су көлемі 11,5-16,3 млрд текше метр аралығында болады деп күтілуде. Спикердің айтуныша, бүгінде су қоймаларының бос сыйымдылығы шамамен 15 млрд текше метрді құрайды. Бұл тасқын суларын қабылдау үшін елеулі резерв қалыптастырып, ағынды реттеу кезінде қажетті маневр жасауға мүмкіндік береді.
«Су қоймаларын пайдалану режимі тұрақты түрде, әр он күн сайын қайта есептеледі. Бұл ретте ағымдағы гидрологиялық жағдайлар ескеріліп, тасқын суларын барынша тиімді әрі қауіпсіз өткізуге басымдық беріледі», - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін жаңа Су кодексіндегі нормалар күшейтілгені туралы жаздық.