Қазақстанның Шымбұлақ тау-шаңғы курортында, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте, Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығына арналған ауқымды муралдың таныстырылымы өтті. Бұл туралы БҰҰ ресми сайты жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Қазақ суретшісі Әділ Әубекеров бірегей туындысын БҰҰ-на арнап салды. Туынды әлемдегі ең ірі биік таулы көркем инсталляция ретінде бағаланып отыр.
Панноның көлемі — 36×6 метр.
БҰҰ-ның Ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде атап өтті:
"Бұл туынды БҰҰ-ның тапсырысы бойынша емес, қоғамның, жеке сектор мен жергілікті серіктестердің бастамасымен жасалды. Шымбұлақтағы бұл өнер туындысы — инновациялар адамдарға қызмет ететін, табиғат қорғалатын және ешкім прогрестен шет қалмайтын бейбіт әлем құруға шақыру".
Шараға қоғамдық ұйымдар мен мәдениет және ғылым өкілдері, дипломатиялық корпус пен БАҚ қатысты. Қонақтарға жобаның тұжырымдамасы мен тарихы таныстырылып, курорт мамандары биік таулы жағдайда туындыны жүзеге асыру үшін қолданылған техникалық шешімдер туралы айтып берді.
Суретші Әділ Әубекеров өз сөзінде туындының идеясы көшпелілердің көркем және символдық мұрасын қазіргі заман тұрғысынан қайта пайымдауға негізделгенін атап өтті:
"Әрбір бөлік белгілі бір естелікті бейнелейді. Барлығы біріге келе бізді біртұтас ететін нәрсе — табиғатқа, көршілерге, әлемге деген құрмет туралы әңгімелейді. Мен үшін бұл — БҰҰ 80 жыл бойы қорғап келе жатқан құндылықтар мозаикасы, сонымен қатар болашаққа көз тіккен көшпенді көзқарасы".
Әділ Әубекеровтың муралы БҰҰ-ға арналған әлемдегі ең ірі биік таулы көркем инсталляция ретінде танылды. Жоба күрделі климаттық жағдайда — ауа қысымының төмендігі, температураның күрт ауытқуы және қатты жел секілді табиғи кедергілерге қарамастан жүзеге асырылды. Арнайы техникалық шешімдердің арқасында құрылым қорғау және көркемдік қызметін қатар атқарады.