Елімізде автокомпоненттер өндірісін локализациялау орталығы құрылады
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Үкімет отырысында республикадағы автомобиль өнеркәсібінің дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтем жасап.
Министр автомобиль өндірісі өткен жылы рекордтық өсім көрсетіп, машина жасау секторының 41,7%-ына жеткенін атап өтті. 171 мыңнан астам көлік шығарылса соның 159 мыңы – жеңіл автомобиль.
Екі жаңа жоғары технологиялық өндіріс іске қосылды, олар – Chery, Haval, Changan брендтері бар Алматыдағы мультибренд зауыты және Қостанайдағы Kia Qazaqstan зауыты.
«Осындай зауыттардың іске қосылуы автокомпоненттер өндірісін локализациялауға серпін беріп отыр. Мысалы, өткен жылы Алматы индустриялық аймағында автокомпоненттер технопаркі іске қосылды. Онда автокөліктерге арналған мультимедиа жүйелері мен орындықтар өндіріледі», — деді Ерсайын Нағаспаев.
Саран қаласында «Tengri Tyres» зауытында автомобиль шиналары шығарылып жатыр. Қостанайдағы «KamLitKZ» зауытында заманауи технологиялар мен автоматтандырылған жүйелерді пайдаланатын шойын құю өндірісі іске қосылды.
Сонымен қатар «Allur» компаниясы автокомпоненттер өндірісін локализациялау орталығының құрылысына кірісті.
Одан бөлек алдағы үш жылда – жылыту және кондиционер жүйесі, тежегіш, салон мен еденге арналған пластик бөлшектер сияқты автокомпоненттерді локализациялауға қатысты жаңа жобаларды іске қосу жоспарланған.
Еске сала кетсек, бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканы одан әрі әртараптандыру жөніндегі тәсілдер қаралды.