Референдум-2026

Қазақстанда алкогольсіз сусындар өндірісінің көлемі 1,6 млрд литрге жетті

Қазақстанда алкогольсіз сусындар өндірісінің көлемі 1,6 млрд литрге жетті
Фото: magnific.com

2026 жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда 1,6 млрд литр минералды су мен алкогольсіз сусын өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға көп, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, ішкі нарықтағы өткізу көлемі 1,7 млрд литрге жетіп, 21% артты. Сонымен қатар алкогольсіз сусындар импорты 29,6% өсіп, 217,1 млн литрді құрады. Ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 11,4% болды.

«Экспорттың негізгі бөлігін дәстүрлі түрде қант немесе өзге де тәттілендіргіштер, сондай-ақ хош иістендіргіш және дәмдік қоспалар қосылған сулар мен басқа да алкогольсіз сусындар құрады. Есепті кезеңде осы өнім түрінің экспорты 172,8 млн литрге жетіп, ақшалай көлемі 75,5 млн АҚШ долларға жетті.

Экспорттың ең ірі нарығы бұрынғысынша Қырғызстан болып отыр. Бұл елге 94,9 млн литр өнім экспортталып, оның жалпы құны - 39 млн АҚШ доллары.

Өзбекстанға экспорт көлемі айтарлықтай өсіп, 39,2 млн литрден 48,3 млн литрге дейін ұлғайды. Ал жеткізілім құны 28,1 млн АҚШ долларына жетті», делінген хабарламада.

Ең жоғары өсім Ресейге экспортта байқалды. Жеткізілім көлемі 2,5 еседен астам артып, 9,2 млн литрден 23,5 млн литрге дейін өсті. Сондай-ақ Арменияға экспорт көлемі шамамен 10 есеге ұлғайып, 548,5 мың литрге жетті. Әзербайжан мен Грузияға жеткізілімдер 12 еседен астам өсіп, тиісінше 342,1 мың және 393,5 мың литрді құрады.

Бұдан бөлек, Тәжікстанға экспорт 2,5 млн литрден 2,9 млн литрге дейін, Моңғолияға 802,1 мың литрден 930,2 мың литрге дейін, ал Корея Республикасына 117,7 мың литрден 171,5 мың литрге дейін артты.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда алкогольсіз сусын өндірісімен 145 кәсіпорын айналысты.