Қазақстан Ыстықкөл аймағында бірқатар курорттық нысанды дамытуды қолға алады

Қазақстан Ыстықкөл аймағында бірқатар курорттық нысанды дамытуды қолға алады
фото: Оңалхан Өнерхан

Мәжіліс 2006 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстан Республикасының меншік құқықтарын реттеу туралы келісімді және осы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Құжатта Қазақстанның төрт курорттық-рекреациялық шаруашылық объектісіне меншік құқығы қарастырылған. Оларға шипажай, екі демалыс үйі және спорт-сауықтыру орталығы кіреді.
Қазақстанның осы объектілерді төрт жыл ішінде (2029 жылдың соңына дейін) 3 және 4 жұлдызды қонақ үй деңгейіне жеткізу жөніндегі міндеттемелері көрсетілген.
Келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамада осы міндеттемелерді орындау үшін инвесторларды тарту мүмкіндігі де көзделген.

Мәжіліс 2009 жылғы 1 желтоқсандағы Қазақстан Үкіметі мен Қырғыз Үкіметі арасындағы Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының Ыстықкөл ауданындағы жер учаскелерін жалға беру туралы шартты және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялады.

2009 жылғы 1 желтоқсанда Астанада қол қойылған келісімге сәйкес, Қазақстан Қырғыз Республикасының Ыстықкөл облысындағы жерді 49 мерзімге уақытша пайдалануға қабылдады.
Бұл жер учаскелерінде Қазақ КСР салған төрт нысан: шипажай, екі демалыс үйі және спорт-сауықтыру базасы орналасқан.
Сонымен қатар шартта 2006 жылғы 4 шілдеде Астана қаласында қол қойылған Қырғыз Республикасы Ыстықкөл облысының аумағында орналасқан курорттық-рекреациялық шаруашылық объектілеріне Қазақстан Республикасының меншік құқықтарын реттеу туралы келісімде белгіленген міндеттемелерді қамтамасыз ету қарастырылған. Келісім мәтіні Қазақстанның бұрын қабылданған міндеттемелерін орындау үшін инвесторларды тартуға мүмкіндік беретіндей етіп өзгертіліп, толықтырылды.