Қазақстан ОСК өкілдері Армениядағы парламент сайлауын халықаралық деңгейде бақылады

Қазақстан ОСК өкілдері Армениядағы парламент сайлауын халықаралық деңгейде бақылады
Фото: ҚР ОСК

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған қазақстандық делегация Армения Республикасының Ұлттық Жиналысы депутаттарының сайлауын халықаралық байқауға қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ОСК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Делегация құрамында ОСК мүшелері Азамат Айманақұмов пен Ләззат Сүйіндік, Қостанай облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Александр Малашко және ОСК-ның «Инженерлік-техникалық орталығы» РМК өкілдері болды.

Халықаралық байқаушылар үшін Армения парламенті сайлауын өткізуге дайындық барысы мен оның негізгі ерекшеліктеріне арналған таныстырылым ұйымдастырылды. Сонымен қатар Қазақстан делегациясы Армения Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Ваагн Овакимянмен кездесті.

Кездесу барысында сайлау науқанының өтуі, электоралдық процестерде қолданылып жатқан технологиялық шешімдер және сайлаудың ашықтығын қамтамасыз ету тетіктері талқыланды. Тараптар кәсіби ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және тәжірибе алмасуды жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.

Сайлау күні қазақстандық байқаушылар Ереван қаласындағы бірқатар сайлау учаскесінде болып, комиссиялардың жұмысымен және дауыс берушілерге жасалған жағдайлармен танысты. Сондай-ақ олар дауыс берудің аяқталуы мен бюллетеньдерді санау рәсімдерін бақылады.

Сайлау барысында көру қабілеті бұзылған азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін Брайль қарпімен әзірленген арнайы трафареттер пайдаланылды. Дауыс беру барысы мен алдын ала нәтижелер Армения ОСК Ақпараттық орталығы арқылы жарияланып отырды.

Байқау қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіров сайлаудың жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткенін атап өтті. Оның айтуынша, ұлттық заңнамада көзделген барлық рәсімдер сақталып, сайлаушыларды сәйкестендірудің заманауи технологиялары қолданылған.

Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров Армения, АҚШ, Грузия, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Өзбекстан және Эстонияның орталық сайлау органдары делегацияларымен кездесіп, Қазақстандағы республикалық референдум қорытындары, жаңартылған Конституцияның негізгі ережелері және сайлау заңнамасын жетілдіру бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берді.

Кездесу барысында ОСК төрағасы шетелдік әріптестерін Қазақстанда өтетін Құрылтай депутаттарының алдағы сайлауын халықаралық деңгейде байқауға шақырды.

Айта кетейік, Армения парламенті – бір палаталы заң шығарушы орган. Оның депутаттары бес жыл мерзімге пропорционалды сайлау жүйесі бойынша сайланады. Парламентке өту үшін саяси партия кемінде 4 пайыз дауыс жинауы қажет. Екі партиялық блоктар үшін 8 пайыздық, ал үш және одан да көп партия бірлестіктері үшін 10 пайыздық сайлау межесі белгіленген.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда Бір палаталы Парламент туралы заң өткен айдың соңына қарай екінші оқылымда қабылданған болатын.