Қазақстан кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды – Тоқаев

Бүгін, 13:21
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды – Тоқаев
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы журналистерге арналған брифингте айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Айсұлтан Құлшыманов, Tengrinewskz ақпарат агенттігінің тілшісі:

– Қазақстан халықаралық қақтығыстарды әрдайым дипломатиялық жолмен шешуді жақтайды. Сіз бұл ұстанымды жақында Таяу Шығыстағы ахуалға қатысты мәлімдемелеріңіз арқылы растадыңыз. Сондай-ақ Шығанақтағы бірқатар мемлекет басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, оларға қолдау білдірдіңіз. Бірақ Иран Президентімен сөйлеспедіңіз. Бұл Қазақстанның бейтарап ұстанымынан айнып, араб елдерін қолдайтынын білдіре ме?

Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Қазақстан әлемге бейбіт ел ретінде белгілі. Кез келген қақтығысты дипломатиялық жолмен шешуді жақтаймыз. Бұл – айнымас ұстанымымыз. Таяу Шығыста орын алған жағдайдың түрлі себебі бар. Мен мұны жақында өткен алқалы жиында да айтқанмын. Расында, Шығанақтағы араб елдерінің басшыларымен телефон арқылы сөйлестім, тілектес екенімді жеткіздім. Ал Иран Президенті Масуд Пезешкианның жақында елімізге ресми сапармен келгенін білесіздер. Сол кезде жақсы әсер қалдырды. Ол – зайырлы көзқарастағы адам, өзі кардиохирург. Мен оның Иран Шығанақ елдеріне шабуыл жасамайды деген мәлімдемесін құптадым. Тіпті, ол Иранның атынан кешірім сұрады. Алайда кейін оның мәлімдемесі жоққа шығарылды. Иран араб елдеріне шабуыл жасауды әлі тоқтатқан жоқ. Бұдан Иран Президентінің билікке толық ие емес екені көрінеді. Ол анық. Мен ешкімді айыптамаймын, жай ғана факті ретінде айтып отырмын. Бұл Иран билігінің ерекшелігіне байланысты деп ойлаймын. Бір жағынан діни билік үстемдік етеді. Өйткені Иранда діни билік негізгі бағыт-бағдарды айқындап, шешім қабылдайды. Президент те бар, бірақ ол – формальды мемлекет басшысы, іс жүзінде ықпалды тұлға саналмайды. Жалпы, кез келген елде, соның ішінде Қазақстанда қос билік болмауға тиіс. Кезінде мұндай жүйені біз де бастан өткердік, бірақ баянсыз болды. Төрт жыл бұрын еліміздің ішкі тұрақтылығына қауіп төнді. Бұл Қазақстанға да, басқа мемлекеттерге де үлкен сабақ болды деп ойлаймын. Біз Иран халқына, оның мәдениеті мен тарихына құрметпен қараймыз. Сондықтан өз ұстанымымыздан айныған жоқпыз, әрдайым бейбітсүйгіш ел болып қала береміз.

Боян Бркич, Euronews телеарнасының тілшісі:

– Сіз Қазақстан халықаралық аренада орта держава ретінде танылғанын ұдайы айтып келесіз. Еліңіз Президент Трамп құрған Бейбітшілік кеңесіне мүше болды. Сіздің ойыңызша, Таяу Шығыстағы қазіргі жағдай Бейбітшілік кеңесіне қалай әсер етеді? Бұл бастама өміршең дей аласыз ба? Дональд Трамптың жобасын қолдау жөніндегі шешімге қалай келдіңіз?

Президент:

– Ең алдымен, Америка Құрама Штаттарының Президентіне құрметім ерекше екенін атап өткім келеді. Оның ақыл-парасатқа негізделген стратегиясы өте дұрыс, құптауға лайық. Бейбітшілік кеңесі туралы бастаманың идеясы, халықаралық күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді шешудегі жаңашыл тәсілдері көңілден шықты. Мұнда әуелі дәстүрлі дипломатия мен ірі бизнестің мүмкіндіктері ұштасады. Бұл қарапайым халыққа, соның ішінде Газа секторының тұрғындарына нақты пайдасын тигізеді. Әлем халқы бітпейтін конференциялардан жалықты. Аталған жиындарда қабылданатын ізгі ниетті қарарларды аздаған адам ғана оқиды. Сол себепті бұл идеяны қолдау қажет деп ойлаймын. Өйткені тың шешімдер ұсынады. Президент Трамп мықты тұлға ретінде әсер қалдырады. Ол – батыл көшбасшы. Таяу Шығыста, соның ішінде Палестинада бейбітшілік орнату мүмкіндігі әлі де бар екеніне кәміл сенемін. Бұл бастама баянды болады деп үміттенемін.