Қазақстан Елшісі Тарас Шевченконың 212 жылдығына арналған шараға қатысты
Қазақстанның Украинадағы Елшісі Төлежан Барлыбаев украин халқының ұлы ақыны әрі суретшісі Тарас Шевченконің туғанына 212 жыл толуына арналған мерекелік шараға қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шаралар ақын дүниеге келіп, балалық шағы өткен Моринцы және Шевченково ауылдарында өтті. Қазақстан елшісі Тарас Шевченконың ескерткіштеріне және оның ата-анасының қабірлеріне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар ақынның туған үйіне және оның мемориалдық мұражай кешеніне барды.

Жиналған қауым алдында сөйлеген сөзінде Елші Тарас Шевченконың шығармашылығы Қазақстанмен тығыз байланысты екенін атап өтті. Ақын өмірінің бір кезеңі Қазақстанда өткізіп, қазақ жері мен халқы туралы көптеген туындылар жазған. Оның 350-ден астам суреті мен бірқатар әдеби еңбектері қазақ халқының тұрмысына және Маңғышлақ табиғатына арналған.

Сондай-ақ Қазақстанда ақынның мұрасы құрметпен сақталып келе жатқаны айтылды. Мысалы, Форт‑Шевченко қаласында Тарас Шевченкоға арналған ерекше мемориалдық кешен бар. Онда ақынға қатысты тарихи орындар, оның ішінде «Тарасов талы» және құдық сақталған.

Іс-шара барысында Төлежан Барлыбаев Моринцы, Шевченково ауылдары мен Богуслав ауданының кітапханаларына «Шевченко Қазақстанда» кітаптарын, сондай-ақ украин тілінде жарық көрген «Ұлы Дала елінің сиқырлы аңыздары» атты қазақ ертегілері жинағын сыйға тартты.