20.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

«Қазақстан балалары»: 2026 жылдан бастап елімізде бірыңғай ұлттық бағдарлама іске қосылады

|
Photo: Оңалхан Өнерхан
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

«Қазақстан балалары»: 2026 жылдан бастап елімізде бірыңғай ұлттық бағдарлама іске қосылады

|
Photo: Оңалхан Өнерхан

Қазақстан туу туралы актілерді тіркеу көрсеткіші ең жоғары елдердің қатарынан орын алды. Оқу-ағарту министрлігі қазіргі таңда бұл көрсеткіштің 100 пайызға жуықтап, бала құқықтарын қорғау жөніндегі халықаралық стандарттарға толық сай келетінін мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Министрліктің мәліметінше, елімізде балалар халықтың үштен бірін, яғни 34 пайызын құрайды әрі бұл көрсеткіш жылдан-жылға тұрақты өсіп келеді. Мұндай демографиялық серпін мемлекет саясатының балаларды қорғауға бағытталған тұрақты сипатын айқын көрсетеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдар Қазақстанның балалардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету ісінде қол жеткізген тұрақты нәтижелерін атап өтуде.

«Мемлекеттік саясаттағы басым бағыттардың бірі – балаларға ұзақ мерзімді қаржылық қолдау көрсету. Қазақстан – табиғи ресурстардан түсетін табыстың бір бөлігін тікелей балалардың игілігіне бағыттайтын сирек елдердің бірі. 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында қордың инвестициялық табысының 50 пайызы кәмелетке толмаған азаматтардың жеке жинақ шоттарына аударылып келеді. 2025 жылы әр балаға шамамен 130 АҚШ доллары көлемінде қаражат бөлінді. Бұл қолдау 324 мыңнан аса баланы қамтыды. Екі жыл ішінде бір балаға шаққанда жиналған орташа сома 233 АҚШ долларын құрады», - делінген хабарламада.

Балаларды сапалы және құнарлы тамақпен қамтамасыз ету де басты назарда. 2023 жылдан бастап еліміздегі барлық бастауыш сынып оқушылары 100% тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Бұл 1,7 миллионнан аса баланы қамтыды. Сондай-ақ балабақшаларда 953 мың тәрбиеленуші тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттерден 207,4 миллиард теңге бөлінген.

ЮНИСЕФ жүргізген 2024 жылғы MICS зерттеуінің нәтижесі бойынша, Қазақстандағы балалардың тамақтану көрсеткіштері Еуропа мен Орталық Азия елдерінің деңгейіне сай келеді. Сарапшылар бұл көрсеткіштердің тұрақтылығын және күрт ауытқулардың болмауын ерекше атап өтті. Бұл мектепке дейінгі және мектептегі тамақтану сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік шаралардың тиімділігінің дәлелі екенін айтады мамандар.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде заңнамалық база да нығайтылды. Кәмелетке толмағандарға қатысты ауыр сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. Енді мұндай істерді татуласу арқылы тоқтатуға заңмен тыйым салынған. Ең ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Бала – мемлекеттің айнасы. Егер оның қауіпсіздігіне қатысты мәселе көтерілсе, ешқандай ымыраға жол берілмейді. Қазақстан бұл тұрғыда нөлдік төзімділік қағидатын ұстанады. Заң баланы толық қорғауы тиіс. Біз бұл қорғау шынайы әрі тиімді жұмыс істеуі үшін нақты шаралар қабылдап жатырмыз. Әрбір бала мемлекеттен тең мүмкіндік пен сенімді қолдау алуы керек. Өйткені бұл – еліміздің болашағын қалыптастыратын берік негіз», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, балаларды қорғау жүйесі институционалдық тұрғыдан да нығаюда. Алғаш рет заңнамалық деңгейде әр 5 мың балаға бір қамқоршылық және қорғаншылық органы маманы белгіленді. Бұл кадрлар санының 303-тен 1028 маманға дейін артуына мүмкіндік берді. Осылайша, Қазақстан ТМД кеңістігінде бала құқықтарын қорғау саласында бірыңғай кадрлық стандарттар енгізген алғашқы елдердің бірі болды.

2026 жылдан бастап елімізде балаларды қолдау мен дамытуға бағытталған барлық шараларды біріктіретін «Қазақстан балалары» атты бірыңғай ұлттық бағдарлама іске қосылмақ. Бұл бағдарлама баланың өмірлік жолының барлық кезеңін қамтитын кешенді ұлттық стратегияға айналмақ.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗