Халық әртісі Асанәлі Әшімов дүниеден өтті

Бүгін, 13:18
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Халық әртісі Асанәлі Әшімов дүниеден өтті
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақ киносының аңызы, актер, Қазақ КСР халық әртісі Асанәлі Әшімов 89 жасына қараған жасында дүниеден өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап. 

«ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның Халық әртісі, қазақ және әлемдік театр мен кино өнерінің көрнекті өкілі Асанәлі Әшімұлы Әшімовтің өмірден озуына байланысты отбасы мен жақын туыстарына, туған халқына қайғыра көңіл айтады», - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Асанәлі Әшімұлы ұлттық руханияттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан, қазақ театр және кино өнерінің биік кәсіби мектебін қалыптастырған дара тұлға болды. Оның сахна мен экранда жасаған көркем бейнелері, режиссерлік және педагогикалық қызметі отандық өнер тарихында айрықша орын алады.

«Марқұмның жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз.

Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болғай», - делінген хабарламада.