Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті
Мемлекеттер басшылары екіжақты ықпалдастықтың қазіргі жай-күйін талқылап, биыл Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы мазмұнды әрі нәтижелі болғанын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Негізгі жетістіктердің бірі ретінде екі елдің байланысы жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткенін айтуға болады. Бұл мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың маңызды кезеңіне айналды», - делінген хабарламада.
Қазақстан Президенті Украина қақтығысын реттеу бойынша келіссөз процесінің ілгерілеуін құптап, өзара берік уағдаластыққа қол жеткізуге бағытталған саяси-дипломатиялық тәсілдерді жалғастыру қажет екеніне тоқталды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Президентінің мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасау әрекеттерін айыптайтынын жеткізіп, мұның бітімге келуге және қақтығыстың саяси шешімін іздеуге кері әсер ететінін айтты.
Әңгімелесу соңында мемлекеттер басшылары бір-бірін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, қос халыққа бақ-береке тіледі.
Бұған дейін Президенттің «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға қол қойғанын жаздық.