Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президентіне жеделхат жолдады
Мемлекет басшысы Израиль Президенті Ицхак Герцогқа Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне орай жеделхат жолдады, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Қазақстан халқы Холокост жылдарында қаза болған миллиондаған жазықсыз құрбанды еске алатынын атап өтті.
– Еліміз этникалық және діни өшпенділік пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қатаң айыптайды, адамзатқа қарсы мұндай қылмыстың қайталануына жол бермеу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың ортақ күш-жігерін қолдайды. Қазақстан Холокост жылдарында жер аударылған көптеген еврейге мекен болды. Бүгінде еврей қауымдастығы қоғамымыздың ажырамас бөлігі саналады, – делінген жеделхатта.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Премьер-министр Нарендра Модиға Үндістанның Республика күніне байланысты құттықтау жеделхатын жолдаған болатын.