Қарағанды – Балқаш бағытында жолаушылар пойызы іске қосылады

Бүгін, 11:52
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қарағанды – Балқаш бағытында жолаушылар пойызы іске қосылады
Фото: ҚТЖ

«Жолаушылар тасымалы» компаниясы 1 маусымнан бастап №220/219 «Қарағанды – Балқаш» бағытындағы жолаушылар пойызын іске қосады, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына сілтеме жасап.

Бұл бағыт Қарағанды облысының тұрғындары үшін көлік қатынасын кеңейтіп, Балқаш қаласына сапарлайтын жолаушыларға қосымша мүмкіндік бермек.

Бағыттың жалпы ұзақтығы 472 шақырым. Жол жүру барысында 19 аялдама қарастырылған. Пойыз күнара, тақ күндері қатынайды.

Қозғалыс кестесі келесідей: 

Қарағанды станциясынан: таңғы сағат 06:00-де шығады, түскі сағат 12:48-те Балқаш станциясына жетеді; 

Балқаш станциясынан: түскі сағат 13:45-те шығады, кешкі сағат 20:53-те Қарағанды станциясына жетеді.  

«Пойыз Қарағанөзек, Қарабас, Құлайғыр, Қарамұрын, Дария, Жарық, Нілді, Айса, Ақадыр, Босаға, Мойынты, Бүйрек, Сарықұм станциялары арқылы жүреді. Пойыз құрамы 6 вагон: оның ішінде 2 купе, 4 плацкарт вагоны бар. Жалпы сыйымдылығы — шамамен 300 орын», делінеді хабарламада.

Еске салсақ, ҚТЖ ​жазғы кезеңде ​қосымша 15 теміржол бағытын іске қосады.