Президент: Менің Түркістанға ықыласым ерекше
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгін атажұртымыздың алтын бесігі – Түркістан шаһарына тағзым ету үшін арнайы келіп отырмын. Ризамын. Менің Түркістанға ықыласым ерекше екенін жақсы білесіздер. Мемлекет басшысы ретінде алғашқы сапарымды осы өлкеден бастадым. Түркістан – түбі бір түркі жұртының қасиетті шаңырағы. Бұл – халқымыздың болмыс-бітімі, қайсар рухы, теңдессіз мәдениеті және елдік дәстүрі көрініс тапқан киелі жер. Әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің мол мұрасы – шежірелі шаһардың рухани қазынасы. Әзірет Сұлтан кесенесі – түркі әлемінің берекелі тұтастығының символы. Төл тарихымызда есімі алтын әріппен жазылған тұғырлы тұлғаларымыз осы жерде мәңгілік мекенін тапқан», – деді Президент.
Бұған дейін Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтағанын жазған едік.