Президент: Бұл референдум - берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың көрінісі

Бүгін, 14:46
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Президент: Бұл референдум - берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың көрінісі
Фото: Ақорда

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Бұл референдум берекелі бірлік пен ырысты ынтымағымыздың тағы бір өнегелі көрінісі және нышаны болды. Біз халқымызға тән нағыз отаншылдық рухын сезіндік, олардың риясыз қолдауына куә болдық.

Мемлекет тағдырына бей-жай қарамай, дауыс беру науқанына атсалысқан барша азаматқа зор алғыс айтамын!

Ұлт мүддесін терең түсініп, Ата заңды қолдап, дауыс беруді тарихи миссия санаған жұртшылыққа шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл орайда, Павлодар, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қызылорда облыстарының және басқа да аймақтардың Ата заңды мақұлдап, дауыс берген тұрғындарына алғысымды айтқым келеді», - деді ол.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы, ел жастарының референдумда белсенділік танытқанын айтты.

«Сондай-ақ осы тұста Қазақстан жастарының ерекше белсенді болғанын атап өту қажет. Олар заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев айтып кеткен «ұлттық жауапкершіліктің» озық үлгісін көрсетті. Мұны заңды құбылыс деп айтуға толық негіз бар. Өйткені жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданып отыр.

Бұған дейін де айттым, қазір де қайталаймын: еліміздің болашағы – жастарымыздың қолында!

Мемлекет басшысы ретінде мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Жастарымыздың қарым-қабілеті айрықша, талант-дарыны мол, әлеуеті зор, күш-жігері мықты!

Қазақстанды әлемдегі ең озық, дамыған елдердің қатарына қосатын да – сіздер! Бұған еш күмәнім жоқ!

Бүгін төрге озып, тұғырына қонған жаңа Халық Конституциясы сіздерге бағдар беретін темірқазық болады. Себебі, бұл – келер ұрпақпен бірге жасай беретін қасиетті құжат», - деді Президент.

Осы орайда ол Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның нәтижелі еңбегіне айрықша тоқталды.


«Комиссия мүшелері өте ауқымды, тиімді жұмыс атқарып, мемлекет пен қоғамның өзара сенімі және серіктестігі аса маңызды екенін айқын көрсетті.

Жалпыұлттық коалиция мүшелері де қажырлы қызмет етті. Олар жаңа Конституцияның мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, қажетті үгіт-насихат жұмысын ойдағыдай атқарды.

Бүгін осы тарихи сәтке орай, мен Комиссия құрамында болған барша азаматқа және Коалиция мүшелеріне ерекше ризашылығымды білдіремін.

Еліміздің әр аймағы, ауданы мен қаласында қоғамдық белсенділер, олардың ішінде еріктілер, яғни волонтерлер жоғары азаматтық жауапкершілік танытып, Халық Конституциясының қабылдануына зор үлес қосты. Баршаңызға рақметімді айтамын», – деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Тоқаев референдумға қатысып, жауапкершілік танытқан қазақстандықтарға алғыс айтқанын жаздық.