Президент «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне жаңа қолбасшы тағайындады
Мемлекет басшысының өкімімен Нұрлан Серікбайұлы Кәрібаев «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Нұрлан Кәрібаев 1978 жылы 13 қыркүйекте Қызылорда қаласында дүниеге келген.
ҚР Қарулы күштерінің Әскери академиясын «мотоатқыштар әскерлерін басқару тактикасы» мамандығы бойынша, Ұлттық қорғаныс университетін «әскери және әкімшілік басқару» бағыты бойынша, сондай-ақ Ресей Қарулы күштері Бас штабының Әскери академиясын тәмамдаған.

ҚР Қарулы Күштерінде мотоатқыш взводының командирінен бастап, әртүрлі гарнизондардағы әскери бөлімдердің командиріне дейін түрлі лауазымдарда қызмет атқарған.
Жаңа лауазымға дейін ол «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы қызметін атқарды.
«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Еске сала кетсек, бұған дейін осы лауазымды атқарып келген Бауыржан Артықов 30 наурызда қызметінен босатылған еді.