Пойыз жүргізуді үйретеді: Қарағандыда «Жас теміржолшы» тегін үйірмесіне қабылдау басталды

Пойыз жүргізуді үйретеді: Қарағандыда «Жас теміржолшы» тегін үйірмесіне қабылдау басталды
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Жыл сайын өткізілетін үйірме сабақтарына 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдер тегін қатыса алады, деп хабарлады Elordainfo.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сабақтарды Орталық саябақтағы балалар теміржолында тәжірибелі зейнеткер машинистер жүргізеді.

Қатысушылар жас ерекшелігіне қарай топтарға бөлінеді. Сабақтар аптасына екі-үш рет өтеді. Бұл сыныптардың толымдылығы мен оқушылардың жасына байланысты анықталады. Нақты кесте топтар жинақталғаннан кейін жарияланады.

Үйірмеге Орталық саябақтағы және Сұрыптаудағы филиалдарда қатысуға болады.

Оқыту теориялық бөлімнен басталады. Жасөспірімдерге балалар теміржолының тарихы, теміржол трассаларының түрлері, паровоздар, электр пойыздар мен дизель локомотивтердің жұмыс істеу принциптері таныстырылады. Орталық саябақтағы балалар теміржолы ашылғаннан кейін жазда оқушылар алған білімдерін тәжірибе жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болады.

Жас теміржолшылар өздерін кондуктор рөлінде сынап көре алады. Станцияда жұмыс істейді, пойызды сумен қамтамасыз етеді, май деңгейін тексереді. Сонымен қатар оқушылар жетекшілердің қадағалауымен нағыз пойызды басқаруды да үйренеді.

Қабылдау тәртібі, сабақ кестесіне қатысты және басқа да сұрақтар бойынша толық ақпарат алу үшін (8-7212) 78-55-40 телефон нөміріне хабарласуға болады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елімізде теміржолшыларға арналған қолжетімді тұрғын үй салынатынын жазған болатынбыз.