Петропавлда мердігер ұйым өтпежол салуға бөлінген 2 млрд теңгені жымқырған
Петропавл қаласында автожол өтпежолын салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыруға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
2023 жылдың тамыз айында Петропавл қаласы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен «Бука» ЖШС арасында жалпы құны 5,4 млрд теңгеге автожол өтпежолын салу туралы келісімшарт жасалған.
Мердігер ұйым жұмыс кестесінен жүйелі түрде кешігуге жол берген.
Агенттіктің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, мердігер ұйымның директоры лауазымды тұлғалармен сөзбайласа отырып, орындалған жұмыс көлемі туралы жалған мәлімет көрсетілген актілерді рәсімдеуді және қол қоюды ұйымдастырған.
Осы құжаттар негізінде мердігер ұйымның шотына бюджет қаражаты негізсіз аударылған.
«Заңсыз әрекеттің салдарынан мемлекетке 2 млрд теңгеден астам залал келтірілген.
Соттың санкциясымен жалпы құны 270 млн теңгеден асатын 24 автокөлік пен арнайы техникаға тыйым салынды.
Күдікті қамауға алынды. Қазір тергеп-тексеру аяқталған жоқ», делінген хабарламада.

Еске салсақ, Қостанайда 3 млрд теңге субсидияны жымқырған қылмыстық топ мүшелері сотталды.