Қостанайда 3 млрд теңге субсидияны жымқырған қылмыстық топ мүшелері сотталды
Қостанай қаласында мемлекеттік субсидияны жымқыру және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру фактісі бойынша үкім шығарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеуді жүргізген агенттіктің Қостанай облысы бойынша департаментінің мәліметінше, қылмыстық топқа «Beef Export Group» ет комбинатының басшысы Пархоменко жетекшілік еткен. Ол ауыл шаруашылығы басқармасының лауазымды тұлғаларымен, сондай-ақ аудандағы фермерлер және ветеринарлармен келісіп субсидияны заңсыз алу схемасын ұйымдастырған.
Олар сиырды сатып алу және оны қайта өңдеу туралы жалған құжаттарды рәсімдеу арқылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған мемлекеттік субсидияға қол жеткізген. Түскен қаражат мал сатып алуға төленгендей көрсетіліп, ақпараттық жүйеге енгізілгеннен кейін қолма-қол ақшаға айналдырылады. Кейін жалған өнім үшін төлем ретінде бақылаудағы ұйымдардың шотына қайта аударылады.

Заңды түр беру мақсатында жалған бухгалтер құжаттары рәсімделіп, олардың негізінде субсидия алуға қайта өтінім беріліп отырған. Нәтижесінде мемлекетке 3 млрд теңгеден астам залал келтірілді.
Сот үкімімен ұйымдастырушы А.Пархоменко 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыстық топқа қатысы бар 14 адамға 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Олардан жалпы құны 3 млрд теңге болатын мүлік, оның ішінде 1,3 млн АҚШ доллары және 700 млн теңге тәркіленді.
Еске салсақ, Түркістан облысында ветеринария қызметінің басшылары 928 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды.