Оқу бітірген түлектер Қазақстан мен Франция университеттерінің қос дипломын алды
Абай университеті мен Францияның Пуатье университеті арасындағы «Экономика» оқу бағдарламасы бойынша білім алған түлектерге салтанатты түрде диплом табыстау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Францияның Алматы қаласындағы Бас консулы Максим Жеренже, Пуатье университетінің профессоры Филипп Рожон, университет басшылығы мен студенттер қатысты. Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бану Нарбекова өз сөзінде Абай университетінің шетелдік серіктестерімен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін атап өтті.
Франция Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Максим Жеренже екі ел арасындағы білім беру саласындағы әріптестіктің ұзақ мерзімді гуманитарлық және ғылыми ынтымақтастықтың берік негізі екенін атап өтті. Ал Қазақстандағы Франция Елшілігінің қосдипломды бағдарламалар бойынша үйлестірушісі Аньес Буссе түлектерді құттықтап, бағдарлама аясында кездесетін қиындықтарды жеңу бойынша кеңес берді. Пуатье университетінің профессоры Филипп Рожон халықаралық ынтымақтастыққа алғыс айтып, дипломдарды салтанатты түрде табыс етті.

«Бұл диплом менің болашақ кәсіби жолымды қалыптастыруға көмектеседі. Франция экономикасының жоғары деңгейде дамығанын ескерсек, бұл саланы француз тілінде меңгеру мен үшін үлкен тәжірибе болды. Екіжақты диплом алу мен үшін ерекше құнды жетістік», – деді «Экономика» мамандығының түлегі Дильназ Ибрагимова.
Айта кетейік, Пуатье университеті – Абай атындағы ҚазҰПУ-дың стратегиялық серіктесі.
Еске салсақ, астаналық оқытушылар техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні интеграциялауды үйренді.