Олжас Сыдықбек: Еліміздің дамуы үшін құқықтық жүйені жетілдіру – бүгінгі заман талабы
Елордадағы MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында өткен ауқымды концертке қатысқандар жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мәдени шара барысында Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Elorda aqparat» ЖШС-ның директоры Олжас Сыдықбек жаңа Конституцияның қоғам өміріндегі рөлін атап өтті.
«Қазақта «алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас» деген сөз бар. Біз әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, өзара сенім мен сыйластықты сақтап келеміз. Бүгінгі алмағайып заманда тыныштық пен бейбіт өмірдің қаншалықты бағалы екенін әлемдегі түрлі дағдарыстар көрсетіп отыр. Сол себепті жаңа Конституцияға қатысу әр азаматтың тек құқығы емес, ең алдымен азаматтық жауапкершілігі. Еліміздің дамуы үшін құқықтық жүйені жетілдіру, азаматтардың құқығын қорғау және билік пен қоғам арасындағы ашықтықты арттыру – бүгінгі заман талабы. 15 наурыз күні баршамыз бір кісідей референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасап, жаңа Конституцияға қолдау білдірейік!» – деді Олжас Сыдықбек.
Жиынға қатысып, спикерлердің сөзін ден қоя тыңдаған көпшілік жаңа Конституцияның мәнін ұғынып, саналы таңдау жасау мен азаматтық жауапкершіліктің маңыздылығын түсінді.