Олжас Бектенов: «Заң мен тәртіп» – жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі

Бүгін, 11:19
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Олжас Бектенов: «Заң мен тәртіп» – жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов «Заң мен тәртіп» – жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі екенін баса айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жаңа Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – «Заң мен тәртіп».

Ішкі істер министрлігі қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысына талдау жүргізіп, қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізуі керек.

Қауіпсіздік пен мүлдем төзбеушілік саясатын қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижелері қоғамдық қауіпсіздіктің жай күйі туралы Ұлттық баяндама аясында жыл сайын жариялансын», - деп атап өтті Олжас Бектенов Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Үкімет жанындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмысын жаңартудың маңызды екені айтылды.

«Мемлекет басшысы Үкімет жанындағы Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның жұмыс форматын қайта қарады.

Осыған байланысты Ішкі істер министрлігіне биылғы сәуір айының соңына дейін комиссия отырысын жаңа форматта өткізуді қамтамасыз етуді тапсырамын», - деп атап өтті Премьер-министр.

Еске салсақ, Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде ЖИ-ді белсенді енгізу жоспарланып отырғанын айтқан еді.