Нұргүл Тау: Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірлік пен патриотизмнің негізі
Мемлекеттік рәміздер – кез келген тәуелсіз мемлекеттің егемендігі мен тұтастығын айқындайтын басты құндылықтың бірі. Қазақстанның Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны да халқымыздың тарихын, рухын және ортақ мұратын бейнелейтін маңызды нышандар саналады. ҚР Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы орны мен маңызы жөнінде осылай пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Мемлекеттік рәміздер – еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығының басты белгілерінің бірі. Сол себепті де, рәміздер әр азаматтың жүрегінде Қазақстанға деген мақтаныш сезімін қалыптастырады. Мысалы, әнұран шырқалғанда бәріміз тұра қалып, жүрегімізді ұстап, ерекше сезімге бөленеміз ғой. Тіпті, ұлтына, тіліне немесе туған өңіріне қарамастан, барша қазақстандықтарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіретін де – осы рәміздер. Сондықтан Ту, Елтаңба және Әнұран – ұлттық бірлік пен азаматтық бірегейліктің маңызды құрамдас бөлігі», – деді депутат.
Оның айтуынша, патриоттық тәрбие мен елге деген сүйіспеншілік ең алдымен отбасынан бастау алады.
«Отан – отбасынан басталады» дейді қазақ. Демек елге, жерге, мемлекетке деген сүйіспеншілік отбасынан және балалық шақтан басталады. Бала мемлекеттік рәміздердің мәнін ерте жастан түсініп өссе, елге, тарихқа және ұлттық құндылықтарға құрметпен қарайды. Бұл – болашақта жауапты, саналы әрі елжанды азамат тәрбиелеудің маңызды қадамы», – деді Нұргүл Тау.
Мәжіліс депутаты мемлекеттік рәміздердің жастардың бойында патриотизм мен жауапкершілік сезімін қалыптастырудағы рөліне де ерекше назар аударды.
«Мемлекеттік рәміздер жастарға тәуелсіздіктің қадірін ұғындырады. Спортшыларымыз халықаралық жарыстарда Көк Туды көтергенде немесе Әнұран шырқалғанда әрбір қазақстандық ерекше мақтаныш сезімін бастан кешіреді. Осындай сәттер жастардың бойында елге қызмет етуге ұмтылыс пен жауапкершілік сезімін қалыптастыратыны сөзсіз.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік рәміздер жаңа мемлекеттің белгісі ретінде қабылданса, бүгінде олар қазақстандықтардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Қазір жастардың мемлекеттік мерекелерге белсенді қатысуы, халықаралық жетістіктер кезінде Туды мақтанышпен көрсетуі және әлеуметтік желіде ұлттық құндылықты дәріптеуі – соның айқын дәлелі», – деді ол.
Сондай-ақ депутат қазіргі кезеңде мемлекеттік рәміздерді дәріптеудің жаңа тәсіліне назар аудару қажеттігін айтты.
«Бүгінгі жастар ақпаратты көбіне цифрлық ортадан алады. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді насихаттау да заманауи форматта жүргізілуі тиіс. Патриоттық челлендждер, қысқа бейнероликтер, анимациялық жобалар, танымдық мобильді қосымшалар және креативті контенттер арқылы рәміздердің мәні мен тарихын жастарға жақындатуға болады.
Ең бастысы – мемлекеттік рәміздер тек ресми атрибут емес, әр азаматтың мақтанышы мен жеке құндылығы ретінде қабылдануы керек», – деді Мәжіліс депутаты.