Министрлік заңсыз су алу фактілерін жою бағытындағы жоспарын әзірледі
Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Бас прокуратура судың «қара нарығын» жою бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі, деп хабарлады Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен судың «қара нарығына» қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңеске қатысты.
Жиынға сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен экология және табиғи ресурстар министрлері, құқық қорғау органдарының басшылары және облыс әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары заңсыз су алу фактілерін жою бағытындағы бірлескен іс-қимыл мен жоспарларды талқылады. Кеңесте анықталған заңбұзушылықтар, қабылданған шаралар және рұқсатсыз су пайдалануға қарсы күрестің соңғы нәтижелері туралы баяндамалар тыңдалды.
Мемлекет басшысының судың «қара нарығын» жою жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Бас прокуратура Жол картасын әзірледі. Онда су ресурстарына аудит жүргізу, заңсыз су алу қаупі жоғары аймақтардың картасын жасау, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаржыға тексеру жүргізу, су үнемдеу технологияларын енгізу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар көзделген.
Сонымен қатар, республикалық және өңірлік деңгейлерде ведомствоаралық жұмыс топтары құрылады. Олардың құрамына жедел-іздестіру өкілеттігі мен тиісті құралдары бар құқық қорғау органдарының өкілдері кіреді.
Жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – суармалы суды басқару және бөлу процестерін цифрландыру, сондай-ақ, цифрлық және спутниктік мониторинг пен есепке алу құралдарын енгізу болмақ. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіліп, құқық қорғау және мемлекеттік органдар арасында міндетті деректер алмасу қамтамасыз етіледі.
Аграрлық салада су пайдалану лимиттерінің сақталуына және өсірілетін ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру бойынша белгіленген көрсеткіштердің орындалуына толық бақылау орнату жоспарланып отыр.
«Өткен жыл судың «қара нарығын» жою үшін кешенді шаралар, яғни уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының үйлестірілген іс-қимылы қажет екенін көрсетті. Құқық қорғау жүйесінің өзегі саналатын прокуратура органдарының қолдауы аса маңызды. Заң бұзған бірде-бір адам жазасыз қалмауы тиіс. Әзірленген Жол картасы осы бағытта тиімді құрал болады деп сенемін», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұған дейін «Қазсушардың» техника паркі 27%-ға жаңартылғанын жаздық.