Микроқаржы ұйымдары қосымша құн салығынан жалтарғаны анықталды
Мемлекеттік кірістер комитеті микроқаржы ұйымдарына қатысты жүргізілген тексерістің нәтижесінде 4 ұйым бойынша «кепілдік» шарттары аясында жалпы 55,9 млрд теңге айналым қалыптасқаны және 6,1 млрд теңге көлемінде қосылған құн салығы төленбегені анықталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Elordainfo.kz комитеттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл деректер апелляциялық тәртіпте және сот органдарында расталған.
«Сонымен қатар шамамен 26 млрд теңге көлеміндегі операциялар да анықталып отыр. Олар сақтандыру агенттік қызметі ретінде көрсетіліп, ҚҚС-тан босатылған деп рәсімделген. Аталған фактілер қазіргі уақытта қосымша тексеру сатысында», – делінген хабарламада.
Комитет мәліметінше, микроқаржы ұйымдары тек қарыз беру операциялары бойынша ғана ҚҚС-тан босатылады. Ал қосымша ақылы қызметтер салық салуға жатады.
Тексеру барысында бірқатар ұйымда табыстың бір бөлігін салықтан шығару мақсатында формалды схема қолданылғаны анықталған. Микроқарыз беру кезінде қарыз алушыларға қосымша «кепілдік» шарты ұсынылып, ол қаржылық операция ретінде рәсімделген. Алайда талдау нәтижесінде бұл қызметтің іс жүзінде қарызды төлеуді кейінге қалдырумен байланысты екені белгілі болды.
Қарыз алушылар бұл қызмет үшін қосымша төлем жасаған, ал ол ҚҚС-тан босатылған операция ретінде көрсетілген. Нәтижесінде экономикалық мәні бойынша қарызға қызмет көрсетуге қатысты бірыңғай ақылы қызмет көрсетілген, бірақ ол әртүрлі шарттармен рәсімделген.
Комитет мұндай тәсілдер салық салудан жалтару мақсатында қолданылғанын атап өтті. Ұқсас схемалар сақтандыру агенттік қызметі саласында да анықталған.
Қазіргі уақытта тексерулер жалғасуда, қорытындысы бойынша тиісті салықтық шаралар қабылданады.
Бұдан бұрын борышкерлердің коллекторлармен қалай сөйлесуі керектігі бойынша және несиесін төлей алмай, қарызға батқан азаматтар қорқыныштан қалай арылуы керектігі жөнінде кәсіби заңгер Ғайни Абылқасовамен сұхбат құрған болатынбыз.