Мемлекеттік басқару академиясында сарапшылар конституциялық реформаны талқылады
ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында «Жаңа Конституция – болашаққа бағдар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара конституциялық реформаны іске асыру және Мемлекет басшысы жариялаған жаңа Конституция жобасын қабылдау жөніндегі алдағы референдум қарсаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов, «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғам қайраткерлері, сарапшылар, жоғары оқу орындарының басшылары мен оқытушылары, сондай-ақ академия қызметкерлері, магистранттары, докторанттары қатысты.

Жиын барысында сарапшылар мен мемлекеттік органдар өкілдері конституциялық өзгерістердің ел дамуына ықпалы, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, азаматтардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселелерін талқылады.
Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай өз сөзінде жаңа Конституция жобасы ел дамуының стратегиялық бағытын айқындайтын аса маңызды құжат екенін атап өтті. Дархан Медеғалиұлының айтуынша, бұл – Мемлекет басшысы бастамашылық еткен Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты бағдар.

Агенттік төрағасы Президент ұсынған «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, жаңартылған Ата заң жобасында бұл қағидат нақты әрі тәжірибелік тұрғыда көрініс тапқан. Конституциялық деңгейде алғаш рет адами капиталды, білім, ғылым және инновацияны дамыту басымдығы бекітіліп отыр.
Сондай-ақ осы қағидаттарға негізделіп әзірленген «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның жаңа редакциясындағы жоба жуырда Парламент қарауына енгізілді. Құжат мемлекеттік қызметтің сервистік әрі азаматтарға бағдарланған моделін қалыптастыруға бағытталған. Заң жобасында ашық рәсімдерді кеңейту, цифрлық шешімдерді белсенді енгізу, мемлекеттік қызметтердің жеделдігі мен қолжетімділігін арттыру қарастырылған.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Марат Бәшімов өз сөзінде Конституциядағы жаңа нормалар заңнаманы, әсіресе әлеуметтік қорғау мен еңбек құқықтары саласын одан әрі жетілдіруге жол ашатынын айтты.
«Конституцияда мемлекеттің шекарасының қол сұғылмаушылығы мен аумақтық тұтастығы қағидаттары бекітілді. Сонымен бірге халық егемендігі ұғымы енгізілді. Халық биліктің бастауы ғана емес, оның иесі де болып табылады. Бұл ел дамуының жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырады. Біз адам, оның өмірі мен құқықтары ең жоғары құндылық саналатын демократиялық, зайырлы әрі әлеуметтік мемлекет құру бағытын жалғастырып келеміз, – деді депутат.

Дөңгелек үстелде сөз алған «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Ақылбай да жаңа Конституция азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, цифрландыру дәуірінде адамның құқықтарын қорғау мәселесін конституциялық деңгейде қарастыру – Қазақстанның алға қойған маңызды жаңалығы.
Ал Қазақстан Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина конституциялық реформа елдегі саяси жаңғырудың негізгі өзегі екенін атап өтті. Сарапшының айтуынша, Конституцияны жаңарту – тек заң мәтінін түзету емес, қоғамның жаңа сұраныстарына жауап беретін маңызды қадам.
«Парламенттің құрылымдық өзгерістерінен басталған процесс бүгінде барлық мүдделі тарап қатысқан толыққанды реформаға айналды. Конституциялық комиссия жұмысының ашық жүргізілуі және азаматтардың цифрлық платформалар арқылы ұсыныс беруі қоғам мен билік арасындағы сенімді диалогты күшейтті. Соның нәтижесінде жаңартылған Конституция ұлттық келісімнің нақты құжатына айналуы тиіс, – деді ол.
Дөңгелек үстел барысында Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден ел жаңа даму кезеңіне қадам басқанын, ал конституциялық реформа мемлекеттілікті нығайтып, билік пен қоғам арасындағы ашық диалогты дамытуға негіз болатынын айтты. Оның пікірінше, жаңа Конституция азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Сарапшылардың ортақ пікірінше, Конституциялық реформа елдің құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалайды.