Референдум-2026

Мемлекет басшысы XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты

Мемлекет басшысы XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомартпен Президент Владимир Путин Омбы қаласында өтіп жатқан XXII Қазақстан – Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қатысты. Биылғы басқосу «Жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру: Ресей-Қазақстан ынтымақтастығының жаңа көкжиегі» тақырыбына арналып отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы, ең алдымен, Ұлы Отан Соғысының ардагерлері, соның ішінде әкесі Кемел Тоқаев туралы естеліктерді көздің қарашығындай сақтағаны үшін Ресей Президенті мен Омбы облысының басшылығына ризашылығын білдірді. Майдангер Кемел Тоқаев Екінші Беларусь майданының құрамында жүріп, Польша жерінде алған ауыр жарақатынан кейін осы қалада емделген еді.

Мемлекет басшысы өңірлердің іс жүзіндегі ықпалдастығы екіжақты күн тәртібінің мазмұнын байытып, Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының қарқынды дамуына тың серпін беріп отырғанын атап өтті.

– Бүгінгі таңда мемлекеттеріміздің қарым-қатынасы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Ол – мемлекеттер басшыларының, үкімет жетекшілері мен жергілікті билік басшыларының, сондай-ақ екі ел парламенттерінің ортақ күш-жігерінің нәтижесі. Менің былтыр қараша айында Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым мен Президент Владимир Путиннің биыл мамыр айындағы елімізге мемлекеттік сапары бұл тұрғыда тарихи мәнге ие. Қос сапардың қорытындысы бойынша қол қойылған Мемлекетаралық қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларация, сондай-ақ Достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы бірлескен мәлімдеме елдеріміздің алдағы ондаған жылдардағы жасампаз ынтымақтастығы мен өсіп-өркендеуіне берік негіз қалады. Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасы барлық бағытта нығайып келе жатыр деп толық сеніммен айтуға болады. Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Былтыр екіжақты тауар айналымы 28 миллиард долларға жуықтады. Ортақ күш-жігердің арқасында бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді: биылғы бес айда өзара сауда-саттық көлемі былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда шамамен 10 пайызға жуық артты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Ресей Қазақстанның басты инвестициялық серіктестерінің бірі ретінде соңғы 20 жылда еліміздің экономикасына 30 миллиард доллардан астам қаржы салғанына тоқталды.

– Бұл салада оң қарқын байқалады: биылғы бірінші тоқсанда Ресейден келген инвестиция ағыны 45 пайызға ұлғайды. Яғни, бес айдағы көлемі 773 миллион долларды құрады. Көпжылдық өзара тиімді ынтымақтастық нәтижесінде қазір Қазақстан экономикасының түрлі саласында ресейліктердің үлесі бар 20 мыңнан аса кәсіпорын табысты жұмыс істеуде. Сонымен қатар Ресейдегі қазақстандық бизнестің позициясы нығайып келеді. Ресей экономикасына құйылған қаржымыз 9 миллиард доллардан асты. Экономикалық күн тәртібінде өнеркәсіп саласындағы серіктестіктің алар орны ерекше. Елдеріміз 177 ірі жобадан тұратын тізім жасақтады. Инвестицияның жалпы көлемі 52 миллиард доллардан асады. Оның 122-і іске асырылып, 30 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, «Росатом» бастаған халықаралық консорциумның қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу жобасы болашаққа бағдарланған екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық сипатқа ие болғанын көрсетеді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ғарыш саласындағы ынтымақтастық та өзара іс-қимылдың басым бағыты екенін атап өтті.

– Биыл сәуір айында «Союз-5» зымыран тасығышы алғаш рет ұшырылды. Бұл елеулі уақиға ғылыми, инженерлік, өндірістік мүмкіндіктерін тоғыстырса, Қазақстан мен Ресей түрлі саладағы өршіл бастамаларды жүзеге асыра алатынын анық көрсетті. Қазақта «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген мақал бар. «Где лад, там и клад» деген орыстың нақыл сөзінің мағынасы осыған жақын. Мызғымас достық пен тату көршілік байланыстарға, өзара сенім мен қолдауға, бір-біріміздің мүддемізді ескеруге негізделген қарым-қатынас бауырлас халықтардың әл-ауқатын арттыруда жаңа белестерді бағындыруға жол ашатынына сенімдімін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының пайымдауынша, форум тақырыбы қазіргі халықаралық жағдай тұрғысынан ерекше өзекті. Оның пікірінше, әлемдегі ең ұзын әрі тұтас құрлық шекарасымен түйіскен Қазақстан мен Ресейге Еуразиядағы көлік-логистика жүйесінің дамуында жетекші рөл атқаруды тағдырдың өзі бұйыртып отыр.

– Бұл – қазіргі өте күрделі геосаяси жағдайда елдеріміздің жаһандық бәсекедегі артықшылығын айқындайтын басты фактор. Біз күш-жігер жұмылдырудың арқасында бұл саладағы барлық міндетті табысты еңсеріп, инфрақұрылымды жүйелі дамытып келеміз әрі транзиттік әлеуетімізді нығайта түстік. Өткен жылы елдеріміз арасындағы теміржол көлігімен жүк тасымалдау 3,5 пайызға артып, 92 миллион тоннаны құрады. Сонымен қатар Қазақстан аумағы арқылы транзит тасымалы жандана түсті. Тек соңғы бес жылда Қытай – Ресей – Қытай бағыты бойынша Қазақстан территориясынан өткен контейнерлік тасымалдың көлемі сегіз есе артты. Ресей – Қазақстан – Қытай бағытындағы миллионыншы контейнер елеулі меже болды. Әлбетте, мұнымен шектеліп қалмаймыз. Автомобиль көлігімен тасымалдау да еселене түсті. Былтыр оның көлемі 8,5 миллион тоннадай болған. Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 4,3 миллион тоннаға жетіп, екі еседен аса ұлғайды. Бұл саладағы бірлескен жүйелі жұмысты жалғастырcақ, осы қарқынды сақтап қалуға әбден болады. Мен бұған сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Солтүстік – Оңтүстік дәлізін дамытуға айрықша мән беріліп отырғанына назар аударды. Былтыр бұл тараптағы жүк тасымалы едәуір өскен. Тағы бір маңызды бағыт – Батыс Еуропа – Батыс Қытай дәлізі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ақтөбе – Ұлғайсын жолындағы реконструкция дәліздің өткізу мүмкіндігін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.

– Қолданыстағы цифрлық платформалар базасында «Қазақстан – Ресей» цифрлық көлік дәлізін пилоттық режимде іске қосуды ұсынамын. Себебі бұл – көлік нөпірі көп бағыттардың бірі. Екі елдің көлік-логистика жүйесін цифрлық тұрғыда тиімді интеграциялау және жаңа технологияларды кеңінен қолдану бізге өзара сауда-саттық көлемін ұлғайтып, көлік ағынын арттыруға және жан-жақты экономикалық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік береді. Биыл мамыр айында Владимир Владимирович Путиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында жүргізушісіз жүк көліктері алғаш рет екі ел екі ортасында қатынады. Мұны айтулы уақиға деуге болады. Осынау сәтті тәжірибе Қазақстан мен Ресейдің көлік саласындағы серіктестігі жаңа технологиялық деңгейге шыққанын көрсетті, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміздің көлік-логистикалық байланысын нығайтудың шекара маңындағы аймақтар үшін маңызы зор деп санайды.

– Шекара маңындағы өңірлерде «500+» шартты атауымен әуе қатынасын дамытудың бірлескен бағдарламасын әзірлеу ұсынылады. Бастамаға сәйкес, Астана мен Ресейдің Қазақстанмен шекаралас әрі халық саны 500 мыңнан асатын қалалары арасында тікелей әуе рейстерін кезең-кезеңімен ашу көзделген. Бұл бағдарламаның іске асуы өз кезегінде екі елге де туристердің көптеп келуіне қолайлы жағдай жасайды. Бұдан бөлек, бірлескен трансшекаралық туристік бағыттар ашу да тиімді деп есептеймін. Ол үшін елдеріміздің туризм индустриясы өкілдерінің арасындағы ықпалдастықты жандандырған жөн. Айтпақшы, Қазақстанға демалуға және көрікті жерлерді тамашалауға келетін туристердің саны жағынан Ресей қазір бірінші орында тұр. Екінші орында – Қытай, үшінші – Үндістан, төртінші – Түркия. Туризмді қарқынды дамытуға мүмкіндігіміз жеткілікті. Атап айтқанда, еліміз географиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Алуан түрлі табиғи ландшафт, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз да көпшілікті қызықтырады. Ең бастысы, Ресей туристері үшін Қазақстанда тіл және менталдық тұрғыдан ешқандай кедергі жоқ. Мәдениетіміз бен тарихымыз ортақ. Шекара маңындағы туризмді дамыту экономика қарқынын арттырып қана қоймайды. Бұл – арадағы сенімді нығайтып, тату көршілік қатынастардың біртұтас кеңістігін қалыптастыруға салынған инвестиция. Екіжақты байланысымыздың қаншалықты мықты екені осыдан көрінеді. Әрі бұл бірге өсіп-өркендеуімізге тың серпін береді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың беріктігі өңірлердің, іскер топтардың, ғылыми және мәдени қоғамдастықтардың белсенді байланысы арқылы нығая түсетін жоғары деңгейдегі сенімді диалогтан, ең бастысы, миллиондаған адамның достығынан байқалатынын айтты.

– Біздің сан қырлы ынтымақтастығымызда сабақтастық пен серпінді даму өзара үйлесім тапқан. Ортақ тарихымызды ардақтай отырып, болашаққа бірге көз тігеміз. Қазақстан ұлы Ресей елімен жасампаз стратегиялық серіктестікті дамытуға әрдайым ниетті. Омбы қаласына менімен бірге үлкен делегация келді. Оның құрамында орталық мемлекеттік органдардың басшылары, шекаралас облыстардың әкімдері, іскер топ өкілдері бар. Бұл біздің жүйелі жұмыс істеп, екіжақты ықпалдастықтың негізгі бағыттары бойынша нақты келісімдерге қол жеткізуге мүдделі екенімізді білдіреді. Бүгінгі форумның нәтижесі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастар жылнамасындағы кезекті жарқын кезеңге жол ашып, мемлекеттеріміздің гүлденуіне және бауырлас халықтардың игілігін арттыруға ықпал етері сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Ресей Президенті Ресей мен Қазақстан серіктестігін ілгерілетуге өңірлердің қосқан үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, аймақ басшылары мен бизнестің үйлесімді әрекетінің нәтижесінде сауда-саттық жанданып, өзара инвестиция ағыны ұлғайып келеді.

– Ең басты нәрсені айтайын: Ресей мен Қазақстанның көлік және логистика саласында, сондай-ақ экономика мен қоғамдық өмірдің басқа да бағыттарында өзара тиімді ықпалдастықты арттыруына мүмкіндіктері мол. Осындай үйлесімді әрі ұжымдық жұмысты жалғастырса, Ресей мен Қазақстанның өңірлері екі елдің бауырлас халықтарының игілігі үшін жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі тереңдетуге елеулі үлес қосады, – деді Владимир Путин.

Пленарлық отырыста Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук, Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Алтай өлкесінің губернаторы Виктор Томенко, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйледі.