Мемлекет басшысы: Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында орнықты дамудың даңғыл жолына түсті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ту көтеру рәсімінде осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президент Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізетінін атап өтті.
«Нағыз патриоттар ғана елдің көшін алға бастайды, жердің шетін жаудан қорғайды. Басқа сөзбен айтқанда, отаншылдық дегеніміз – жеріміздің қауіпсіздігі және тұтастығының кепілі.
Ұлт рәміздерінің мәртебесін арттыру, бұл – аса маңызды мемлекеттік жұмыс. Таяу арада Үкімет мемлекеттік рәміздерді орынды пайдалану мәселесі бойынша қаулыға қажетті түзетулерді енгізеді.
Ұлттық нышандарымызды ұлықтау – ортақ парыз, бұл – әр азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, рәміздерді қастерлеу – мемлекетімізді құрметтеу деген сөз»,- деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түскенін мәлім етті.
«Біз биыл Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтеміз. Бұл тарихи кезең жүріп өткен жолымызды жан-жақты терең талдауды және болашаққа стратегиялық жоспар құруды мұқият ойластыру тұрғысынан үлкен мәнге ие.
Аталған мерейлі датаны қажырлы еңбекпен және нақты нәтижелермен қарсы алуымыз керек. Биыл тұтас еліміз үшін ауқымды өзгерістерге толы жыл болып отыр. Қазақстан қоғамдық өмірдің барлық саласында соны серпіліске ұмтылған ел ретінде орнықты дамудың даңғыл жолына түсті», - деді Қасым-жомарт Тоқаев.